Жемқорлардан қайтарып алған қаржыға биыл тағы 25 мектеп салынады
Былтыр қайтарылған қаражат есебінен 36 мектеп салынған болатын
Биыл елдегі жемқорлардан тәркіленген қаржыға 25 мектеп салынады. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мәлім етті.
Оның пікірінше, оңтайлы және қолжетімді білім инфрақұрылымы да білім сапасының бір бөлігі. Осыған байланысты апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін жою үшін бірнеше көзден мектеп салу қолға алынған.
Біріншісі – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы. Оның аясында 369 мектеп салынғалы отыр. Екіншіден, жемқорлық қылмысы аясында тәркіленіп, қайтарылған қаражат есебінен былтыр 36 мектеп салынса, биыл тағы 25 мектеп салынбақ, - деді Тамара Дүйсенова.
Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы және жергілікті бюджеттен былтыр 7 мектеп пайдалануға берілсе, биыл тағы 6 мектеп салынады.
Белсенділік танытып келе жатқан қосымша бір бағыт – бизнес инвестиция. Былтыр 56 жекеменшік білім ошағы іске қосылды. Жалпы, мұндай жеке меншік мектептердің саны бүгінде 667-ге жетті. Онда 250 мыңнан аса бала тәлім алып жатыр, - деді вице-премьер.
Оның айтуынша, жалпы мектеп салу үшін барлық көзден бөлінген қаражаттың 2 жылдық сомасы – 2,4 трлн теңге. Сондай-ақ биыл 270 мектеп күрделі жөндеуден өткізіледі.