Қазақтың қызы 18 жасында тұңғыш рет түйе үстінде жамбы атудан рекорд орнатты (ВИДЕО)

Қазақтың қызы 18 жасында тұңғыш рет түйе үстінде жамбы атудан рекорд орнатты (ВИДЕО) instagram.com/top_zhargan
bai-bol.kz bai-bol.kz | 27 маусым, 2024

Ол 5 жасынан бастап ат құлағында ойнап өскен

2023 жылдың 4 қазанында «Топжарған» этно-мәдени орталығының ұйымдастыруымен жамбы ату сайысы өткен болатын. Сол жарыста Ғабит Таңатовтың шәкірті Аружан Миравилдаева Қазақстанда тұңғыш рет түйенің үстіне отырып, 100 метрді 12 секундта бағындырып, арақашықтығы 30 метр болатын 3 нысананы көздеп, жамбы атып, рекорд орнатты.

Қазір 19 жасқа толған Аружан Амангелдіқызы – Жамбыл облысы Меркі ауданының тумасы. Қазір Қазақ ұлттық педагогикалық қыздар университетінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім алып жүр. Спортшы түйе үстінде отырып жамбы ату идеясы қалай келгенін айтты.

Университетте оқып жүргенде маған «Топжарған» этно-өнер орталығының басшысы хабарласып, атқа мінетін қыздар керек деді. Сонымен қатар аталған орталыққа жұмысқа шақырды. Мен өзімнің сүйікті ісіммен айналысатын болған соң, бірден келістім. Кейін 2023 жылдың жаз айында біз Шымкенттегі Созақ ауданынан асау 2 түйе алып келдік. Ол түйелерді үйрету керек болған соң, ауылдан өзімнің атамды шақырттым. Атам олардың мұрындығын салып, қалай үйрету керектігін көрсетті. Кейін сол орталықтағы шабандоздар 2 түйені мініп, үйретіп алдық. Есесіне сол уақыт аралығында мен садақ тартуды да үйреніп, жамбы атып жүрдім. Ептілігімді байқаған орталық басшысы Ғабит Таңатов маған түйеге мініп, садақ атуды байқап көр деді. Кейін жаттықтырушыма осы ешкім жасамаған трюкті Гиннестің рекордтар кітабына ұсыну туралы ой келді, – деді Аружан Амангелдіқызы Jambylinfo порталына берген сұхбатында.

Тағы бір айта кетерлігі, Аружан Амангелдіқызы 2023 жылы «Үздік жамбы атушы» номинациясын жеңіп алған еді.

Негізі біздің ұлтымызда «ұят болады», «бұрын ешкім істемеген» деген секілді комплекстер бар. Алайда бұрын жасалмағанды жасауға болады ғой. Идея басымызға осыдан 2 жыл бұрын келген. Бірақ ыңғайы келмеді, нақты айтқанда түйе таппадық. Содан сонау Шымкент жақтағы Созақтан 3 жасар қазақы екі түйені сатып алдық. Одан кейін түйе үрікпесін деп оны әуелі шыбықпен садақ атып жатқан секілді жағдайларға үйретіп, содан кейін ғана садақпен атуды бастадық. Жамбыны жылқы үстінде өзіміз де атып жүрміз ғой, ал түйемен секундына дейін есептеп, арнайы жаттығып жүрдік, 3,5 ай уақытымыз кетті, - дейді жаттықтырушы Ғабит Таңатов.

Оның айтуынша, рекордшы Аружан Миравилдаева 5 жасынан бастап ат құлағында ойнап өскен. Сондықтан желіп келе жатқан желмая үстінде отырып жамбы ату оған аса қиындық тудыра қоймапты.