Кедейлер қымбатшылық құрсауынан шыға алар емес
Бұралқы иттерді уақытша ұстауға айына 90 мың, көпбалалы отбасындағы бір балаға 14 мың теңге бөлінеді
Қазақстанды қымбатшылық қысып барады. Жалпы, коронавирус карантинге қамаған 2021 жылдың өзі-ақ бай мен кедей арасының алшақтығын айқын аңғартқан еді. Шенеуніктер жалақысынан айына жарты миллион теңгені тек тамаққа жұмсайтынын ашық айтса, тапқаны қапқанына жетпейтін қарапайым бұқара тиын-тебенін қайда жеткізерін білмей дал. Азық-түліктің өзіне әрең үнемдеп отыр.
Бұралқы итті асырау ақысы жәрдемақыдан көп
Жалпы, халықтың материалдық жағдайының төмендеп кеткенін Ұлттық банк те ашық жариялады. Банк өкілдері инфляциялық болжам бойынша сауалнама жүргізген. Сонда халықтың басым бөлігі елімізде қымбатшылық сақталады деген пікір білдірген.
Тіпті, сол қымбатшылық салдарынан ақтаулық Рүстем Тінеев атты азамат 6 баласын жұмыртқа сатып асырау үшін амалсыз 10 қабатты үйдің шатырына тауық бағып, 70 мың теңге айыппұл арқалаған. Бұл жағдайға бейжай қарай алмаған кәсіпкер Сырымбек Тау мен экономист Дәулет Төлеутайұлы әлеуметтік желідегі оқырмандарынан «жылу» жинап, көпбалалы отбасына 20 сотық жерімен және жиһазымен баспана алып берді. Бұл ретте көпшіліктен 12,5 миллион теңге жиналған. Содан кейін олар баспанадан артылған ақшаға күні жұмыртқаға қарап қалған отбасына дүкен мен қора салып берді.
«Сүйеу болсын, тіреу болсын мың қазақ, сүрінгенде, бүгілгенде бір қазақ» дегендей, биліктен қайыр болмасын түсінген жұрттың осылайша бірін-бірі демеп отыруға көшкені – ащы да болса ақиқат. Бірақ бірді-екілі емес, мың-миллиондаған отбасының жағдайы көңіл көншітерлік болмаған заманда кім кімді жарылқап, қарық қылғандай?!.
Сондай-ақ Семейде 3 айдан бері жалақы алмаған жылу электр орталығының жұмысшыларына басшылық сүт пен нанға талон беріп немесе түскі ас ұсынған. Ал кәсіпорын басшылығының мәлімдеуінше, айлықтың кешігуіне 300 миллион теңгеге жуық қарызын қайтармаған тұтынушылар кінәлі көрінеді.
145 миллион теңге берешекпіз. Оның 1,8 миллионын төледік. Күнделікті түсіп жатқан қаржыны осы жалақыны төлеуге жұмсап отырмыз, – деп ақталды кәсіпорын директоры Азат Сарпеков.
Елімізде сол сияқты жұмысшылардың 4/1 бөлігі 45-105 мың теңге аралығында ғана айлық алады екен. Сонымен қатар 36,9 пайызы 105-210 мың теңге аралығындағы табысты қанағат тұтып жүр. Бұдан бөлек, қазір еліміздегі әр алтыншы бала кедей отбасында өсіп жатыр. Олардың 90 пайызы – көпбалалы отбасылар. Осылайша, қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының ғалымдары елде балалар кедейлігі бар деген қорытындыға келіп отыр. Өйткені бізде бір балаға берілетін жәрдемақы 14 мың теңгеден сәл асады. Енді елімізде 500 мыңдай көпбалалы отбасы бар десек, оның ішінде жұмыссыз ата-аналар көп.
Мысалы, қазір Қазақстанда бұралқы иттерді уақытша ұстауға айына 90 мың теңге, көпбалалы отбасындағы бір балаға айына 14 мың теңге бөлінеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Гауһар Танашева айтты.
Бұралқы иттерді уақытша ұстауға айына 60 мың теңгеден 90 мың теңгеге дейін, түзету мекемелеріндегі сотталушыларға 80 мың теңгеден 180 мың теңгеге дейін ақша бөлінеді. Ал көпбалалы отбасындағы бір балаға айына 14 мың теңге бөлінеді. Светлана Қабыкенқызы (Еңбек және халықты әлеуметттік қорғау министрі), сіз ана ретінде айтыңызшы, бір баланы күніне 460 теңгеге асырауға бола ма? Осы ақша жеткілікті ме? Елімізде 1 млн-нан аса кедей отбасында өмір сүріп жатқан балалар бар. Енді министр ретінде айтыңызшы, бұл әділетті ме? - деді депутат.
Ал министр бұл мәселені қарастыруға уәде берді.
Елдің жағдайы осындай болып тұрғанда, тілшілердің «Азық-түлікке айына қанша ақша жұмсайсыз?» деген сұрағына шенеуніктер «қатырып» жауап берген болатын. Белгілі болғаны, депутат, министрлер отбасында азық-түліктің өзіне ай сайын 250-500 мың теңге аралығында кетіп отырады екен.
Олардың жасырмайтын жөні де бар. Себебі бүгінде супер-бай мен әлемнің қалған бөліктері арасындағы алшақтық кеңейе түскен. Тіпті, бір жылда өндірілген ақшаның 82 пайызы жаһан халқының ең бай 1 пайызының қалтасында қалса, кедейлерде ешқандай өсу байқалмаған. Oxfam компаниясының атқарушы директоры Марк Голдринг әлемдегі ең кедейлердің жартысында бар байлыққа 42-ақ адамның ие болғанын мәлімдеді. Бұндай жағдайға салықтан жалтару, фирмалардың саясатқа ықпалы, жұмысшылардың құқығының тапталуы негіз болған.
Қарап отырсаңыз, бұл – теңсіздіктің қолайсыз деңгейі, – дейді Марк Голдринг.
Statista.com жүргізген әлемдік рейтинг бойынша қазір біз байлардың саны артқан 10 елдің ішінде жүрміз. Осыдан-ақ әлеуметтік теңсіздіктің шынайы жобасын көруге болады. Кедейлердің сіңірі шыға түссе, байлар үсті-үстіне байи түспек. Тіпті, коронадағдарыс жағдайында да қалтасы қалыңдаған олигархтар санының 33 пайыз еселенгенін көрдік.
Азық-түлік бағасы ырыққа көнбей тұр
Биыл елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік әжептәуір қымбаттаған. Атап айтқанда, жыл басынан бері сәбіз 68,2 пайызға, пияз 30,2 пайызға, күнбағыс майы 60 пайызға, қырыққабат 27,1 пайызға, картоп 29,7 пайызға, қарақұмық жармасы 22,2 пайызға, тауық еті 15,5 пайызға, қант 12,5 пайызға бір-ақ ытқыды. Сондай-ақ сүт өнімдері бір жылда 7,6 пайыз, мал еті және ет өнімдері 9,5 пайыз қымбаттаған. Нан бағасы да 5,9 пайыз, ұн 11,1 пайыз, макарон өнімдері 11,1 пайыз артып отыр. Оған қоса дизель отынының бағасы бірден 16,6 пайыз көтерілді.
Ұлттық банктің есебінше, көмір мен газ бағасы да аспандап кеткен.
Өңірлердің көбінде сұйытылған газ қымбаттады. Бұл тауардың бағасы республика бойынша 6,4 пайыз артып отыр. Сондай-ақ Астана қаласы мен Қарағанды облысында электр энергиясының тарифі (8,5 пайыз және 5,3 пайыз) көтерілді. Ал көмір республика бойынша 2,1 пайыз қымбаттады. Әсіресе, Қарағанды облысында баға (9,5 пайыз) қатты артты, – деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Қыл аяғы әлгі қымбаттаған азық-түлікті тұтынғаннан кейін қажет болатын дәретхана қағазының өзі ырыққа бағынбай кеткен. Өйткені қағаз сүлгілер өндірісі 6,6 пайыз (3,5 мың тонна), дәретхана қағазы өндірісі 9,7 пайыз (23,8 мың тонна) қысқарған еді. Отандық компаниялар халықтың дәретхана қағазына, қағаз сүлгілерге, беторамалдарға сұранысын 68,7 пайыз қанағаттандырып отыр. Ал импорт, керісінше, 7,9 пайыз артқан.
Мамандар не дейді?
Сарапшылардың пікірінше, еліміздегі «жұмысы бар кедейлер» мәселесі негізінен коронадағдарыс кезінде күшейе түскен. Ал саясаттанушы Расул Жұмалы елімізде негізгі пайда көзін мемлекет немесе мемлекеттік бизнес иемденіп отыр деген пікірде.
Бізде күнкөріс минимумы, орташа жалақыны есептеп шығару методикасы да дұрыс емес. Ең жоғары жалақы (шамамен 1 млн теңге) мен төменгісін (85 мың теңге) негізге алып, соның ортасын есептеп шығарады. Мұның бәрі жоқ нәрсені бар қылып, әлеуметтік жағдайдың орташа дамуының оңтайлы екендігін көрсету үшін жасалады. Шын мәнінде 85 мың теңгеге өмір сүру мүмкін емес қой?.. Әлем елдерінде санау реті мүлде басқа. Оларда халықтың басым бөлігі қандай жалақы алады, соның орташасын шығарады. Сонда шынайы болады, – дейді ол.
Осы орайда Расул Рысмамбетов бізде адам еңбегі бағаланбайтынын баса айтты.
Мен ауылда бір пошта қызметкерінің 21 мың теңге алатынын білемін, – дейді экономист-сарапшы.
Міне, осыдан кейін-ақ еңбекақысы еңсесін түсірген жұрттың қолайлы өмірді дамыған Еуропа елдерінен іздеп, «Бәлен жерде алтын бар...» деп жыл сайын үдере көшіп жатқанына бірдеңе деудің өзі қиын.