Қолда бар алтынның қадірін әлі білмей отырмыз
Түріктер Оңтүстік-Мойынты кен орнының 100% үлесін сатып алды
Көнекөз қариялар тау суында, әсіресе Алтай тауынан бастау алған өзендерде алтын көп болатынын айтады. Баяғыда қазақ малшылары Алтайдың асау өзендеріне ерте көктемде қойдың жүні түспеген терісін тастап, үстінен таспен бастырып кететін көрінеді. Содан күзде күзеуге келе жатқанда сол әбден жидіп тұрған теріні алып, өртейді екен. Осылайша, жаз бойы теріге қатты ағыс жинап тастаған табиғи алтынды оп-оңай алатын болған. Ал қазір «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегеннің керін келтіріп, жер қойнауын экологиялық қалдықсыз игермек түгілі, асыл қазынаны әлгі тұмадан да дұрыс сүзіп ала алмай отырмыз. Алтайдың етегі де, Қаратау бөктері де шұрқ-тесік. Алтынды өңір тұрғындарының бәрі осы мәселеге жиі шағымданады.
Кеніштен кенде болмасақ та...
2018 жылы Қазақстанда 349 алтын кен орны мемлекеттік балансқа алынған болатын. Оның таза баланстық қоры – 2 394,6 тонна. Ал мамандардың 2019 жылғы болжамы бойынша, Жамбыл облысындағы Мойынқұм ауданы аумағында орналасқан Жамбыл тауының аумағында құрамында алтыны бар кен қоры 100 миллион тоннадан асады. Сондай-ақ ондағы қазына жұрт айтып жүргендей 585 (58,5 пайызы алтын) сынамалы металл емес, толыққанды таза алтын көрінеді.
Осындай кеніштерден кенде емес екенімізді ескерсек, сол төңіректі торуылдайтын «қара кеншілер» де баршылық. Мысалы, нарықта 1 грамм алтынның ресми құны – 33 835,57 теңге. Ол бағаны Ұлттық банк ұсынып отыр. Алайда рудадан шайылған таза алтынды мемлекет 33,8 мың теңгеге ала қоймауы да мүмкін. Қандай бағаға алса да, оның көп бөлігі салыққа, алтын шаю жұмысының шығындарына кетеді. Демек, ойындағы пайда шықпаған соң, аймақ тұрғындары оны заңсыз жолмен алғанды құп көреді. Есесіне, алтынды жоғары бағаға сатып жіберу мүмкіндігі де, қатері де бар десек, «қара кеншілердің» ел экономикасына тигізіп жатқан зияны орасан. Олардың шахтаға заңсыз түсіп, оқыстан мерт болып, қылмыстық топтардың арасындағы кикілжіңнен көз жұмып жатқаны да аз емес. Бұл мәселеге сәл кейінірек тоқталамыз.
Таяуда Сенат депутаты Андрей Лукин елімізде жылына шамамен 25 тонна алтынның заңсыз өндірілетінін алға тартты. Оның айтуынша, 2020 жылдан 2023 жылға дейін 7 қылмыстық іс тергеліп, төртеуі сотқа жіберілген.
Бас прокуратураның мәліметінше, ішкі істер органдары бағалы металдардың заңсыз айналымы мен өндірілуі және ұрлануына байланысты соңғы 4 жылда 133 қылмыстық істі тіркеген. Қазір елімізде алтын өндіретін 42 кәсіпорын бар. Қаржы мониторингі агенттігінің дерегінше, 2020-2023 жылдар аралығында алтынның заңсыз айналымы деректері бойынша 7 қылмыстық іс тергеліп, 4 іс сотқа жолданды. Шығын 1,5 млрд теңгеден асты, - деді Андрей Лукин.
Депутаттың пікірінше, қазір алтын өндірілетін кен орындарында бақылауды күшейткен маңызды.
Шамамен заңды түрде өндірілген әрбір 3 тонна алтынға заңсыз өндірілген 1 тонна алтын қатар жүреді. Демек елімізде шамамен 25 тонна алтын заңсыз өндіріледі. Сондықтан алтын кен орындарына бақылауды күшейту керек. Онда қосымша бейнебақылау камераларын орнату, шахта ұңғыларына талшықты-оптикалық желі байланысын салу, кіру алаңына бақылау жүйесін енгізу, тексеру кешенін пайдалану, қоршау орнату, автоматты түрде анықтау құралын енгізу қажет, - деді Андрей Лукин.
Игілігімізді игере алмай...
Сонымен, 2019 жылы Қазақстанда алтын кен орындарын іздестіру мен барлауға 800 миллиард теңгеден астам қаржы инвестицияланған. Нәтижесінде қазір Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Жамбыл, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Алматы облыстарында өңдеу жүргізіліп жатыр. Оның экспортының басым бөлігі, яғни 88 пайызы Қырғыз Республикасына жөнелтілген. Ал экспортымыз 25 пайыз артқанмен, одан түсетін қаржы 38,6 пайыз төмендеген. Алтынның қырғыз еліне жөнелтуден қалған бөлігін Ресей, Италия, Ұлыбритания қабылдады.
Ал 2020 жылы Өзбекстан алтынды 5,8 миллиард долларға экспорттады. Сол сәтте алтын экспорты 8 ай ішінде Өзбекстандағы жалпы экспорт көлемінің 50 пайызын қамтыған. Басқасын айтпағанда, ол көршіміз сол жылдың тек шілде айында 11,6 тонна алтынды сыртқа шығарып, әлемдегі ең ірі алтын сатушыға айналған болатын. Сол шілдеде 6,1 тонна алтын сатқан Моңғолия 2-орынға шықты.
Жалпы, өзбек пен моңғол елі ғана емес, алтын әлемнің дамыған елдерінде де резервтің негізгі бөлігін қамтиды. Мысалы, АҚШ резервіндегі алтын үлесі 79,4 пайыз (8,1 мың тонна) болса, Германияда – 76,6 пайыз (3,4 мың тонна), Италияда – 71,1 пайыз (2,5 мың тонна), Францияда – 66,7 пайыз (2,4 мың тонна). Бұл елдер алтын қоры бойынша көшбасшы мемлекет саналады.
Оларға қарағанда, кең-байтақ жерінің кез келген тұсын түртіп қалса алтын шығатын Қазақстан 13-орынға енді көтеріліп отыр. Тіпті, Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында алтын өндіретін AltynEx Company-дың иелігіндегі «Юбилейное» кенішінің 100 шақты жұмысшысы ереуілге шығып, өндірісті тоқтатып тастаған болатын. Талап – жалақыларын 50 пайызға көбейту. Өйткені онда тас уатушы-машинистің айлығы – 90 мың, ал шахта астында ауыр жұмыс істейтіндердің айлығы – 110 мың теңге.
Қазір елімізде алтынның 2 300 тонна қоры бар. Бұл – геологиялық запас. Бүгінде жылына 90 тонна алтын өндіріліп жатыр. Жалпы, алтынның 20-25 жылға жететін қоры бар. Біздің болжам бойынша, ол 20 мың тоннаға дейін жетеді, - деді Геология комитетінің төрағасы Ерлан Акбаров.
Демек, Шерхан Мұртаза айтпақшы, біз әлі «алтын сандықтың үстінде жалаңбұт отырмыз».
Ұрлықты заңдастырып...
Бұл ретте жергілікті жастарды шетелдік жоғары оқу орындарына инженер мамандығын игеруге жіберудің маңызы зор. Әйтпесе, олар алтынды кәсіби түрде емес, қарабайыр әдетпен алып жатыр. Мысалы, Ақмола облысындағы Сілеті өзенінің алабында 10 шақты алтын кеніші бар. Олардың ірілері – 1929 жылы ашылған Ақсу, 1931 жылы ашылған Бестөбе, 1932 жылы ашылған Жолымбет руднигі. Соның ішінде Бестөбе кентіндегі кен орнын айналсоқтап жүргендер көп.
Бұл елді мекенде 5 кеніш бар. Олар алтын өндіруші компанияға тиесілі. Мұндағы халық саны – 7 мыңға жуық. Одан бөлек, алтын ұрлау мақсатында басқа қалалардан келетіндер бар. Күн сайын заңсыз алтын өндіретін 15 шақты азамат қолға түседі, – дейді Степногор қаласы ПБ басшысының орынбасары Бақтияр Шоқпаров.
Ал Бестөбе аудандық ПБ басшысы Нұржан Шориннің айтуынша, ұрылар Түркістан, Павлодар, Қарағанды облыстарынан барып, бәрі бірге жалдамалы пәтер немесе қонақүйде жатады. Алтын ұрыларын анықтау да қиын. Өйткені олар басына каска, үстіне форма киіп, тіпті жалған құжат жасап алады екен.
Биыл полиция қызметкерлері алтын шығатын кенді заңсыз қазумен айналысқан 400-ден аса адамды ұстап, жауапқа тартты. Олардың үстінен 8 түрлі қылмыстық іс қозғалды. Алайда олар көбіне 15 АЕК көлемінде айыппұл төлеп немесе 15 тәулікке қамалып құтылады. Одан кейін кеніште тағы жүреді. Өйткені жерастынан миллиондап пайда тауып отырған адам жер үстінде салынған айыппұлды ақша құрлы көрмейді.
Олай дейтініміз, сол Ақмола облысында Жолымбет ауылының 2 тұрғыны 122 миллион теңгенің алтынын ұрлаған. Одан бөлек, Жамбыл тауы мен Жамбыл ауданының Ақбұлым ауылы маңындағы таулы алқаптардан алтын жинаумен айналысқан бірнеше топ ұсталды. Онда алтын үшін тәуекелге баратындар 10-15 күнде шамамен 100 мың теңгедей пайда табатын көрінеді. Ал Шымкентте зергерлік бұйымдар шығаратын цехта контрабандалық жолмен алынған алтын құйылған. Құқық қорғау органдары Алтынтөбе тұрғын үй алабындағы зергерлік бұйым шығаратын цехтарға тінту жүргізген. Себебі онда бірнеше жерасты цехы лицензиясыз жұмыс істеп келіпті. Тергеу барысында көп жыл бойы аса ірі көлемде қазақстандық алтынды контрабандалаумен айналысқан трансұлттық қылмыстық топ анықталды. Олар келтірген залалдың сомасы ондаған миллиард теңге болыпты.
Енді Қазақстан алтын шаюды заңдастыру арқылы ірі шахталар төңірегінде күнкөрістің қамымен бастарын бәйгеге тігетін адамдарды заңды жолмен табыс табуға үндеп отыр. Яғни, елімізде «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» кодексіне өзгерістер енгізілген. Ол бойынша өз күшімен алтын іздеймін дегендер кепілге 1 миллион теңге қаржы салып, әкімдіктен лицензия алуы керек. Сонда ғана 5 гектар жерді алып, 3 метр тереңдікке дейін алтын қазуға болады. Одан арғы тереңдіктер – өнеркәсіптік өндіріс аумағы.
Әрине, біреулер үшін бұл да көлеңкелі бизнесті заңдастыруға таптырмайтын мүмкіндік. Кен іздеушілерге лицензия беру жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде болғандықтан, тамыр-таныстық, сыбайластық күшейіп, жаңа кәсіп түріне жемқорлық араласып кетуі ғажап емес.
Жалпы, тау беткейінде алтын кендері шашырай орналасқан. Сондықтан әр жерде бір кездесетін руда үшін ірі өндіріс ошағын орнату өзін-өзі ақтамайды. Ал ШҚО тұрғындары әлгіндей ұсақ фирмалардың бағалы заттарды барлауға рұқсат алып, алтынды игерумен айналысуы салдарынан, жуынды материалдарының ішіндегі улы химикаттар Күршім ауданындағы Қалжыр өзеніне төгіліп жатқанын айтып, дабыл қағып отыр.
Сондықтан мамандар алтын қазумен қарапайым адамнан гөрі, геолог болмаса да геодезист, гидрология инженері, тау-кен инженері дегендей, жер жағдайын жақсы білетін, алтын іздеудің әдіс-тәсілін меңгергендер айналысуы керегін ескертіп отыр. Өйткені Моңғолияда алтын қазушылар жер бетінің бәрін үңгіп, шұрқ-тесік еткен. Ресейде янтарь, Қырғыз Республикасында алтын қазғандар талай жерді жарамсыз етіп тастапты. Біз де солардың кебін кигелі тұрмыз.
Шетелдіктерге шүлен тараттық
2014 жылы Минералдық ресурстар академиясының президенті, Минералдық ресурстар халықаралық академиясының бірінші вице-президенті Ғинаят Бекжанов:
Елімізде Бақыршық (ШҚО) пен Васильевское (Ақмола облысы) деген өңірлерде алтынның екі ірі кен орны бар. Ондағы бағалы металл қоры 500 тоннадан асады. Осы кен орындарының арқасында біз алтын өндірісін жылына 70-100 тоннаға дейін жеткізуді орындай аламыз, - деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, егер біз жылына осы ірі екі кен орнынан 60 тоннаға жуық алтын өндірсек, қалған 40 тоннасының орнын шағын кен орындары жабатын еді. Алайда қазір Қостанай облысында орналасқан кен орны мен өңдеу кәсіпорны бар Варваринский хабы мен ШҚО-дағы «Қызыл» және «Бақыршық» кен орындарын Қазақстан емес, ресейлік Polymetal International plc компаниясы игеріп отыр. Сондай-ақ ол компания 2016 жылы «Қазцинк» ЖШС-нен еліміздің солтүстігінде орналасқан Комаровский алтын кенін игеретін «Орион Минералс» компаниясын 100 миллион долларға сатып алды. Себебі 2015 жылғы 31 желтоқсандағы мәліметке сәйкес, ол кеніште 28 миллион тонна кен, ал әр тонна кенде 1,5 грамм алтын бар екені анықталған еді.
Сол сәтте Forbes журналы «кеніште 4 305 тонна алтын қоры бар» деп жазды. Бұл – 280 метр тереңдікке дейінгі мәлімет. Жердің одан арғы қабаты әлі зерттелмеген. Сондай-ақ 2018 жылы «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы мен түріктің Lidya Madencilik компаниясы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Осылайша, Оңтүстік-Мойынты алаңындағы (ОМА) алтынды кен орны сатылып кетті. Ал қазақстандық инвесторлардың мол инвестицияны қажет ететін бұл жобаға тісі батпаған. Кен орнын сату бойынша келіссөздер 2 жылға жуық уақыт жүргеннен кейін, түріктер ешкіммен бөліспей, тұтас иелену, яғни ОМА кен орнының 100% үлесін сатып алу бойынша мүддесін ілгерілеткен.
Сол кен орны алып жатқан 234 шаршы шақырым аумақта 2015-2016 жылдары дала геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, 16 бұрғы салынған. Сонда 8,4 тонна алтынның болжамды қоры табылды.
Айта кетсек, Мәжіліс депутаттары ШҚО-да кен қорларының сарқылу тенденциясы бар екенін мәлімдеп отыр. Кен орындарын игеру қазіргі қарқында жүргізілсе, орыс пен түрік иелігіндегі және басқа да қорлар шамамен 2035-2040 жылдарға дейін таусылуы мүмкін екен. Жеткен жеріміз – осы.