Темекісінің 1 данасы 10 мың теңгеден асатындарға байлық салығы салынады
Олардың ішетін алкоголінің 1 литрінің өзі 500 мың теңгеден асады
Сән-салтанат салығы автокөліктер мен пәтерлер ғана емес, сонымен қатар ішімдік пен темекі өнімдеріне де салынуы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағынаев айтты.
Департамент директоры «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасындағы жаңа Салық кодексін таныстыруға арналған іс-шарада байлық салығының ішімдік пен темекіге қатысты мөлшерлемесі қандай болатынын түсіндіріп өтті.
Салық кодексіне сәйкес, енді қымбат мүлікке салықтық градациясы болады. Яғни мүліктің құны неғұрлым көп болса, салық мөлшерлемесі де соғұрлым арта түспек.
Жиынтық бойынша мысалы, менде құны 450 миллион теңгеден асатын бір немесе бірнеше нысан болса, онда мүлік салығының көтерілген ставкасы автоматты түрде қосылады. Қалған нысандар бойынша қандай шаралар болады дегенге келсек, жаңа Салық кодексі күшіне енген кезде сырттан әкелінген автокөліктердің кедендік құны 75 миллион теңгеден асса, онда кіреберісте акциз түріндегі 10% артық соманы меншік иесі қосымша төлейді. Сол сияқты, 100 миллионнан асатын кедендік құнның 10 пайызы яхталарға, ұшақтарға, кемелерге түседі. Яғни біз оларды қымбат нысандар қатарына жатқызамыз. Мұндай мүлікті сатып алуға мүмкіндігі бар азаматтар жоғары мөлшердегі және акциз арқылы қосымша салық төлейтін болады, – деді Ерлан Сағынаев.
Сондай-ақ ол қымбат алкоголь өнімдері мен темекілерге де жоғары салық салынатынын айтты.
Қымбат темекі, қымбат алкогольдік сусындар сияқты акциздік өнімдер де бар. Егер темекінің бір данасы 10 мың теңгеден асса, онда оның салығы акциз түрінде 10 пайызға жоғары төленеді. Ал қымбат алкогольдің 1 литрі 500 мың теңгеден асса, акциз түрінде 10 пайыз жоғары төлейді, – деді министрлік өкілі.
Осыған дейін «Сән-салтанат салығы» Ашық НҚА порталында жария талқыға шығарылған болатын. Ұлттық экономика министрлігі тапсырманы қолданыстағы салықтар шеңберінде іске асыруды ұсынды.
Мәселен, жеке тұлғаның барлық объектілерінің жиынтық құны 130 мың АЕК шегінен асқан жағдайда ставкаларды арттыру ұсынылады, – деп жазылған құжатта.
Сонымен қатар, министрлік елімізде қанша адамда яхталар немесе жеке ұшақ секілді қымбат мүлік бар екені туралы ақпарат берді.
Мысалы, жеке тұлғаларда 490 яхта бар. Яхталарға салынатын салықтың ең жоғары сомасы – шамамен 190 мың теңге (55 АЕК). Мөлшерлемені яхталардың ұзындығына қарай көбейту ұсынылады. Мысалы, Еуропа елдеріндегідей салық мөлшерлемесін анықтау үшін қолдануға болады. 5 метрден астам яхта «сән-салтанатқа» жатады, – деп жазылған құжатта.
Министрлік келтірген дерекке сәйкес Грецияда ашық яхталарға арналған «сән-салтанат» салығы жылына 780 еуродан (383 мың теңге) 2 340 еуроға (1 млн 149 мың теңге) дейін белгіленген. Ал егер яхта 12 метрден асса, салық сомасы тағы артады.