Биыл мемлекет миллионға жуық адамды жұмыспен қамтиды
Президенттің «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы да іске асады
Биыл халықты жұмыспен қамтудың өңірлік картасы бойынша миллионға жуық адам жұмысқа орналасады. Нақтырақ айтсақ, 943 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, жергілікті әкімдіктер мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында жыл сайын халықты жұмыспен қамтудың өңірлік карталарын бекітіп, президенттің «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» бастамасын іске асыру, халықтың еңбек мобильділігі, субсидияланатын жұмыс орындары мен жұмыс берушілер ұсынатын вакансиялар шеңберінде азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша нақты шараларды іске асырып жатыр.
Осылайша, іске асып жатқан жобалар шеңберінде алдымен 69 мың адамды жұмысқа орналастыру қарастырылған. Атап айтқанда, субсидияланатын жұмыс орындарына (оның ішінде 9 мың грант беру) – 193,8 мың, бос жұмыс орындарына – 318,1 мың, мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» бастамасы аясында – 341,3 мың, жастарға жылдық 2,5% жеңілдікпен шағын несие беру шеңберінде – 5,8 мың, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша несие беру аясында 15,2 мың адам жұмысқа орналасады.
Халықты құрылатын жұмыс орындары туралы хабардар ету, сондай-ақ азаматтарды жұмысқа орналастыру процесінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін Электронды еңбек биржасында арнайы функционал іске қосылды. Бос жұмыс орындары (жобалар, тұрақты және уақытша жұмыс орындары бөлінісінде) туралы ақпарат жұмыспен қамту органдарында тіркелген жұмыссыздар мен жұмыс іздеуді өз бетінше іске асыратын ізденушілер үшін қолжетімді.
Жұмысқа орналасу бойынша мониторинг Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелеріндегі мәліметтер негізінде жүргізіледі. Ал олардың дұрыстығын тексеру еңбек шартын тіркеу, зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың болуы арқылы іске асады.