«Ұлттық болмысымызға сызат түсіруге жол берілмейді» - министр киіз үйдегі би туралы айтты
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар дәстүрлі құндылықтарымызды сақтау мен насихаттауда ерекше жауапкершілікті талап етеді, - деді ол
Бүгін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева киіз үйдің ішінде ұлттық қамзол киіп алып, жартылай жалаңаш билеген жастардың әрекетіне қатысты пікір білдірді.
Еске сала кетсек, бұған дейін әлеуметтік желілерге ашық образда жұлқына билеген жастардың видеосы тарап кеткен еді. Ол биді қазақ қоғамы өте ерсі санап, наразылық танытты. Тіпті, жан-тәнімен билеп жатқан сол үшеудің бірі қызтеке, яғни ұл еді. Көпшілік тарапынан олардың көрермен мен ақшаны тез жинау үшін ұлттық құндылығымызды қорлап, мәдениет, ар-ұжданымызға нұқсан келтіру мақсатын көздегені айтылды. Осы бір қоғамдық резонансты ескерген біз енді бұл мәселеге қатысты Мәдениет және ақпарат министрлігінің дереу үн қатуы керектігін жазған болатынбыз.
Одан кейін дереу үн қатқан министрдің айтуынша, БАҚ пен әлеуметтік желілердің маңызы арта түскен қазіргі кезде қандай контент жасалып, бөлісіліп жатқанына ерекше мұқият болуымыз керек.
Адамдардың көңіліне қаяу салып, мәдени және ұлттық болмысымызға сызат түсіретін жазбалар мен бейнероликтерге жол берілмейді. Осы орайда, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі ретінде киіз үйде би билеп, бейәдеп әрекетімен қоғам назарын аудартқан бейнеролик туралы айтқым келеді. Мұндай контент қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін. Арандатушылыққа да ұрындыруы ықтимал. Әрине, өскелең ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізеді. Видеоның мазмұны қазақ халқының құндылықтары мен салт-дәстүрлеріне қайшы келеді. Тағы бір мәселе өте маңызды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар дәстүрлі құндылықтарымызды сақтау мен насихаттауда ерекше жауапкершілікті талап етеді. Ұлттық құндылықтардан бас тарту мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге және әдет-ғұрыптарымызға қашан да қауіп төндіреді, - деді Аида Балаева.
Оның айтуынша, кез келген шығармашылық жұмыста ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарды құрметтеуге басымдық таныту керек.
Жұдырықтай жұмылып, бірлесе жұмыс істеп қана халқымыздың басын біріктіріп, бөлшектеуге болмайтын бай мәдени мұрамызды сақтап қала аламыз, - деп түйіндеді сөзін министр.