Теңгемен қатар шетелдік қомақты банкноттарды қолдан жасағандар ұсталды
Ел аумағында 13 жалған ақша жасау фактісі тіркелген
Қаржылық мониторинг агенттігі жалған ақша жасау, сақтау, тасымалдау немесе өткізуге байланысты істерді тергеп-тексеру тек қана агенттіктің және оның аумақтық департаменттерінің құзыретіне жататынын ескертті.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, биыл ел аумағында 13 жалған ақша жасау фактісі (2023 жылы – 45 қылмыстық іс, 2022 жылы – 44 қылмыстық іс) тіркелген.
Тек былтыр және биыл жыл басынан бері Қазақстан аумағында айналымнан 1 763 жалған банкнот тәркіленді. Оның ішінде ұлттық валютада 1 378 200 теңге көлемінде 384 купюра, 120 050 доллар көлемінде 1 342 купюра, 17 500 еуро көлемінде 35 купюра, 10 мың рубль көлемінде 2 купюра анықталды. Қысқасы, осы тәркіленген жалған банкноттардың жалпы көлемі 55 млн теңгеден асады.
Ұлттық банктің жалған банкноттары мен монеталарын және сондай шетел валюталарын өткізу мақсатында дайындаған немесе сақтаған адамның мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатынын хабардар етеміз, – деді ҚМА ресми өкілі Әлібек Әбділов.