Министрлік елдегі 83 кен орнын аукцион арқылы сатқалы отыр
Қазақстанның шикізат қоры 100 жылға дейін жетуі мүмкін
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақбаров маусым айының соңына қарай Қазақстанда резервтегі 83 пайдалы қазбалар кен орнын аукционға шығару жоспарланып отырғанын айтты. Бұл туралы «Хабар 24» хабарлады.
Геология комитеті жеке инвесторлардың келешегі бар жер қойнауын іздеуді инвестициялауға қызығушылық танытып отырғанын алға тартқан.
Мамандардың айтуынша, жер қойнауын пайдалануға инвестицияны арттыру үшін еліміздің барлық аумағы мемлекеттік қорды басқару бағдарламасына енгізілген. Орташа барлау мерзімі 10 жылға дейін созылуы мүмкін. Жалпы алғанда, мемлекет балансында пайдалы қазбалардың 103 түрі бойынша 9 мыңнан астам кен орны бар.
Сондай-ақ ведомство өкілі Қазақстанның шикізат қоры 100 жылға дейін жетуі мүмкін екенін атап өтті.
Былтыр 74 жер қойнауы учаскесі бойынша 2 аукцион өткізілді. Нәтижесінде қол қою бонусы шамамен 3,5 млрд теңге болды. Биыл 30 маусымға дейін қайтарылған 23 және резервтегі 83 кен орнын аукционға шығару жоспарланып отыр. Аукциондар ел аумағында өндірісті орташадан төмен емес деңгейде іске қосу және төлемдерді өңірлердің әлеуметтік даму бағытына аудару міндеттемелері негізінде өткізіледі, – деді Ерлан Ақбаров.
Оған дейін кореялық геологтар Қазақстанда құны 15,7 млрд доллар болатын литий кен орнын тапқан болатын. Айта кетсек, литий – аккумуляторлардың негізгі құрамдас бөлігі болғандықтан, электромобиль өнеркәсібі және басқа да заманауи салалар үшін маңызды минералдардың бірі. Табылған ресурстардың құны шамамен 15,7 миллиард долларға бағаланған. Сонымен, кореялық KIGAM компаниясы келесі жылы литий өндіруді бастау үшін аймақта бұрғылау құқығына өтініш беруді жоспарлап отыр.