Астанада ғимарат қасбеттерінен 1 400-ге жуық жарнама алынып тасталды
Кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстары жүргізілді
Астанада қаланың сыртқы келбетін «Жарнама туралы», «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заң талаптарына сәйкес келтіру бойынша жұмыс жүргізілді.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, биыл жыл басынан бері барлық аудандағы ғимараттардың қасбеттерінен 1 400-ге жуық жарнамалық маңдайша алынып тасталған.
Астананың бірыңғай сәулеттік-көркемдік келбетін жақсартумен қала әкімдігінің «Астана-Жарнама» КММ айналысады. Сонымен қатар, мекеме қала аумағында орналасқан сыртқы (көрнекі) жарнамаға мониторинг жүргізеді.
«Астана-Жарнама» КММ қызметкерлері аудандық әкімдіктермен бірлесіп, сәулет стилінің негізгі параметрлеріне сәйкес келмейтін көрнекі ақпарат (маңдайшалар мен жарнама) элементтерін түсіндіру және бөлшектеу бойынша көшпелі іс-шаралар өткізеді. Кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Маңдайшаларға қойылатын талаптарды, сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыру тәртібін сипаттайтын буклеттер беріледі. Биыл жыл басынан бері 830-дан астам маңдайша мен талаптарға сәйкес келмейтін сыртқы (көрнекі) ақпараттың 550-ге жуық элементтері алынып тасталды, – делінген хабарламада.
Мекеме қызметкерлері 1 600-ге жуық кәсіпкерлік субъектісін қабылдады. Оларға ғимараттардың (құрылыстардың) қасбетін сәулеттік-көркемдік безендіру мәселелері бойынша қолданыстағы заңнаманың талаптары түсіндірілді.
Сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілері белгілерінің 742 эскизі қаралды.