«Қазақфильм» көрермен жинай алмай жатса да билет бағасын түсірмейді
Кассалық жинақ көлемінің небәрі 1,5 млрд теңгеге жеткені – ұлттық фильмдер прокатының құлдырап бара жатқанын көрсетеді
Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Нұрлан Нұржанов «Қазақфильм» АҚ түсірген фильмдер бюджетін ақтамайтынын айтты.
«Қазақфильм» АҚ шығарған кинокартиналардың жинаған үлесі оларға жұмсалған бюджеттің 4,8%-ын қамтыды. Сондай-ақ фильм мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған жүйесін іске асыру мерзімін ұзарту – отандық киноны өндіру және прокаттау процесінде ашықтықтың болмауына алып келеді, - деді Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі.
Ал Мәдениет және ақпарат министрлігі «Кинематография туралы» заңмен реттелетін отандық киноиндустрияны қолдау үшін нақты шаралар қабылдап жатқанын хабарлады. Бірақ министрлік жүргізген талдауға қарағанда, киногерлердің дені жақсы фильм түсіріп, оны насихаттауға мүдделі емес.
Ұлттық киноны қолдау орталығы» жұмыс істеген 5 жылда 103 жобаға қаржы бөлген. 19 млрд теңгеге түрлі жанрда 98 фильм түсірілді. Оның ішінде 42 көркем, 23 деректі, 25 қысқаметражды, 8 анимциялық фильм бар. Кинотеатрларға, телевизиялық және онлайн прокатқа тек 23 картина (көркем фильм – 20, деректі фильм – 3) шыққан. Биыл 2023 жылға дейін түсірілген 27 фильм көрсетіледі, – делінген хабарламада.
Бұл ретте режиссерлердің көбі фильмдерін фестивальдар мен конкурстарға арнап түсіреді немесе авторлық кино дайындайды. Осылайша, өздерінің жеке шығармашылық амбицияларына басымдық беріп, көпшіліктің сұранысын ескере қоймайды. Сондықтан отандық фильмдердің кассалық жинақ көлемі небәрі 1,5 млрд теңгеге жеткен. Бұл ұлттық фильмдер прокатының жыл сайын құлдырап бара жатқанын көрсетеді.
Көрерменнің әлі күнге дейін кейбір картиналарды көрмеуінің басты себебі – өндірушілер мен авторлардың прокатқа шығаруға деген ниетінің жоқтығы. Өйткені олар өз қаламақысын жоба барысында-ақ алып қойған.
- Мәселен, «Тұрсыновфильм» ЖШС жетекшісі – режиссер, жазушы Ермек Тұрсынов мемлекеттен 2019 жылдан 2021 жылға дейін «Бесмойнақ» толықметражды көркем фильмін шығаруға 500 млн теңге көлемінде ақша алды. Бірақ көрермен фильмді осы уақытқа дейін көрген жоқ.
- Кинорежиссер Рашид Нұғмановтың «Бату. Тарихи детектив» атты киносына 192 млн теңге бөлінген. Жоба 2021 жылы аяқталған. Бірақ көрермен бұл фильммен де таныс емес.
- Кинорежиссер Дамир Манабай «Тырналар» жобасына 422 млн теңге ақша алды.
- Режиссер Ардақ Әмірқұловтың «Хирург» фильмін шығаруға 239 млн теңге бөлінді. Кинотеатрлардағы кассалық жинақ 1,1 млн теңге ғана болды.
- Режиссер Ақан Сатаевтың «Боксер» фильмін қаржыландыруға 900 млн теңге берілді. Ал оның кинопрокаттан жинағаны 25 млн теңгеден аспады.
- Режиссер Эмир Байғазиннің «Жизнь» картинасына мемлекеттен 500 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Фильм прокатта 650 мың теңге жинады.
- Режиссер Бекболат Шекеровтің «Лето 1941-го года» көркем фильмін түсіруге 697 млн теңгеден астам қаражат берілді. Кассада туынды тек 40,6 млн теңге ғана жинап алды.
- Режиссер Ернар Нұрғалиевтің де «На старте» фильмі осындай. Мемлекеттен 468,5 млн теңге бөлінді. Прокатта бар болғаны 15,5 млн теңге немесе бюджеттің 3,3%-ын жинады.
- Режиссер Фархат Шариповтың «Схема» картинасы небәрі 21,8 млн теңге жинай алды. Ал оны түсіруге 300 млн теңге берілді.
- 340 млн теңгеге түсірілген «Бүркіт» фильмі небәрі 254 мың теңге ғана жинады.
Жобаларды іске асыру үшін мемлекет бөлетін сомаға 10% мөлшерде режиссерлердің гонорары да төленгенін айта кеткен жөн.
Жеке кинокомпаниялар өздерінің кинокартиналарын одан әрі прокатқа шығару мен тарату мәселесіне бей-жай қарайды. Бірақ басқа жобалар арқылы кино орталығының ашық конкурстарына қатысып келеді. Сөйтіп, мемлекеттік қолдауға ие болып отыр. Байқаудан өтпеген жағдайда олар наразылық көрсетіп, жобаларды таңдаудағы объективтілік пен ашықтыққа күмән келтіреді. Кинематографистерді митингке шығарамын деп қорқытып, конкурс нәтижесін өз жағына бұрғысы келеді, - делінген хабарламада.
Дәл осындай жағдай мультипликация және анимация саласында да байқалады. 2019 жылдан бері жасалған анимациялық фильмдердің ешқайсысы көрерменге әлі күнге ұсынылған жоқ. Мәселен, «ADAY Production» ЖШС-ның «Кенже қыз» туындысына 232,8 млн теңге бөлінген. «Ырысы Ақ Қазақстан» ЖШС таспалаған «Караван историй» мультфильміне 213,9 млн теңге көлемінде қолдау көрсетілсе, «Dala Animation» ЖШС-ның «Бесік жырына» 32,4 млн теңге берілген. Бірақ нәтиже жоқ.
Осыған байланысты ведомство осы индустрияны дамыту тәсілдерін өзгерту және кинематографистерге қолдау көрсету шарттарын қайта қарау туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ конкурстық іріктеу кезінде фильм авторлары мен кинокомпаниялардың көрерменге көрсетілген жобасының сапасы мен нәтижесі ескерілетін болады.
Міне, осылайша көруге тұрарлық фильм болмаса да Қазақстан кино билетінің бағасы бойынша әлемдік тізімде 31-орында тұр. Елімізде билеттің орташа құны – шамамен 6 доллар, яғни 2,5 мың теңге. Сонымен қатар, бір жылда кинотеатрлар қызметі 14% қымбаттаған. Ең көп өсім Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Абай облыстарында байқалады.
Салыстырмалы түрде кино қызметінің құны бойынша Қазақстанға қарағанда, Ресей, Өзбекстан және Әзербайжанда билет әлдеқайда арзан екен. Ал ең төмен бағалар – Иран мен Шри-Ланкада. Ең жоғарылары – Швейцария, Дания және Біріккен Араб Әмірліктерінде.