Қазақстандықтар енді үсті-үстіне несие ала алмайды
Өтелмеген несие бойынша өсімпұл алуға тыйым салынады
Елімізде енді несие алу қиындайды. Банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін азаматтарға несие беру талаптары қатаңдатылып отыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.
Бұған дейін «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне несие беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқығын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға енгізілген бірқатар түзетуді Мәжіліс депутаттары мақұлдаған еді. Енді 90 күн бойы қарызын өтемей жүрген азаматтарға несие берілмейді. Сонымен қатар, өтелмеген несие бойынша өсімпұл алуға тыйым салынады.
Қарыз алушының жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы оның барлық несиесі туралы ақпарат жиналады. Яғни, ипотекасы, автокөлік алған несиесі, тұтынушылық несие мен ақшалай қарыздары туралы барлық мәлімет өңделеді. Осы ретте тұтас ақпараттық жүйе құрылады. Осы арқылы біз азаматтарымыздың көп несие алып, қарызға белшесінен батуына жол бермейміз, - деді Ұлттық банк төрағасы.
Депутаттар заңға мынадай түзетулер енгізген:
- 2026 жылға дейін қазақстандықтардың банк несиесі мен микронесие бойынша қарызын коллекторлық агенттіктерге сатуға мораторий енгізу;
- Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің және Ұлттық банктің бірлескен нормативтік-құқықтық актісімен банктік қарыздар мен микронесиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерін айқындау;
- Банк омбудсменіне тек банк қарыздары бойынша дауларды қарау жөніндегі өкілеттіктерді бекіту және жеке тұлғалардың микронесиелері бойынша дауларды қарау бойынша құзырет беріп, микроқаржы омбудсмені институты енгізіледі.