Агенттік төрағасы депутаттардың микронесиені қолданыстан алып тастау талабын құптады
Проблемалық несиелер бойынша жалпы қарыз 1,7 трлн теңгеден асады
Проблемалық несие санын азайту үшін қазақстандықтарға микронесие бермеу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты.
Бұл ретте Мәжіліс депутаты Ержан Бейсенбаев қазақстандықтардың дені жалақыға дейін микронесие алуды әдетке айналдырғанын алға тартқан болатын.
Бұл – өте қауіпті құбылыс. Өйткені мұндай қарыздың пайызы аса жоғары. Тіпті, кейбір жағдайда 1 мың пайызға дейін жетеді. Қазір бұл – кепілсіз қарыз алудың өте оңай жолы. Ақша тез әрі қарыз алушының табыс деңгейі есепке алынбай беріледі. Дәл осы сегментте жастар өте көп несие алып жатыр, ал кейбірінің басында 2-3 қарызға дейін бар. Несие деңгейінің өсуімен проблемалық қарыздар саны да артып жатыр. Осыған байланысты микроқаржылық ұйымдардың осындай микронесиелер беруіне қойылатын талаптарды қатаңдату көзделе ме? Микронесие беруді алып тастау жағы қарала ма? - деді депутат.
Оның әріптесі Үнзила Шапақтың айтуынша, жалақыға дейінгі микронесие 45 күнге 50 АЕК (184 600 теңге) сомасында беріледі. Микроқаржылық ұйымдар жоғары ставка бойынша тұрғындарға қарызды бере береді. Сондықтан бұл мәселе де несие туралы жаңа заң аясында қаралған.
Депутаттар қарыздың бұл түрін мүлде алып тастау туралы өз ұсынысын берген. Қазір бұл ұсыныс Үкіметтің қорытындысына жіберілді, - деді Үнзила Шапақ.
Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова соңғы 2 жылда қысқа мерзімді онлайн несие алушылардың қатары күрт өскенін айтты.
Қазір онлайн микронесие секторында 227 мың адамның проблемалық қарызы бар. Бұл – бүкіл микроқаржы ұйымы секторынан проблемалық қарыз алушылар санының 80 пайызына тең. Екіншіден, бұл секторда борыш жүктемесінің коэффициенті толық орындалмайды. Былтыр біз 77 микроқаржы ұйымын тексердік. Осылайша, 43 микроқаржы ұйымында айтарлықтай заңбұзушылықтар анықталып, оларға айыппұл салынды. Нәтижесінде 13 компания лицензиясынан айырылды. Биыл біз қадағалау шаралары бойынша тексерісті қайта жүргіздік. Ақпанда тағы 5 микроқаржы ұйымын лицензиясынан уақытша айырдық. Біздіңше, қысқа мерзімге берілетін онлайн несиелер – ең қауіпті, тәуекелі ең жоғары, - деді Мәдина Әбілқасымова.
Ол да адамдардың құқығын қорғау үшін қысқа мерзімге берілетін несиелердің ерекше түрін алып тастау керек деп санайды. Депутаттардың бастамасын қолдап отыр.
Тақырыпқа – тұздық
Жалпы, биыл 1 қаңтардағы жағдай бойынша 8,5 миллион қазақстандық қаржы ұйымдарына 19 трлн теңге қарыз. Оның ішінде 8,2 миллион адамның кепілсіз тұтынушылық несиесі бойынша берешегі – 10 трлн теңге. 1,6 млн адамның 1,7 трлн теңгеге проблемалық несиесі бар. Олар қарызын төлеу мерзімін 90 күннен кешіктірген.