«Қара киінген қазақтар көбейді». Мәжілісте діни киімге қатысты заң жобасы дайындалды
Ең маңызды мәселе – еліміздің ұлттық мүддесін, дәстүрін, мәдениетін сақтау
Парламентте қоғамдық орындарда діни киім киюге тыйым салу мәселесі қаралуы мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи мәлім етті.
Оның айтуынша, қоғамда діни киім киюге тыйым салу мәселесі туындап отыр.
Қазір біз үшін ең маңызды мәселе – еліміздің ұлттық мүддесін, ұлттық дәстүрін, ұлттық мәдениетін сақтау. Ал қазіргі жағдайға қарасақ, қоғамда қара киінген қазақтар көбейді. Бұл жағдай болашақ ұлттық мүддемізге елеулі зиян тигізеді, - деді депутат.
Осы орайда ол тиісті заң жобасы алдағы сессияда Парламентке енгізілетінін жеткізді.
Сондықтан біз – депутаттар тобы осындай заң жобасын дайындадық. Ол күзгі сессияда Парламентке ұсынылады. Меніңше, хиджаб, ниқаб және қоғамда басқа да діни киімдер кию туралы мәселе заңды қабылдағаннан кейін шешіледі. Сонда бәлкім діни киім кию мәселесін қалай да реттейтін шығармыз, - деді Ермұрат Бапи.