Шаруаларға алғаш рет 5%-бен қосымша 400 млрд теңге несие беріледі
«Аграрлық несие корпорациясы» ҰК» АҚ филиалдары өтінішті демалыс күндері де қабылдай береді
2024 жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына алғаш рет 5% жеңілдікпен 400 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат бөлінді.
Несиелер «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша бөлініп, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалдары, несие серіктестіктері және екінші деңгейлі банктер арқылы беріледі.
Еске сала кетсек, 2021 жылдан бастап бағдарлама операторы – «Аграрлық несие корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы бюджеттен көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын тікелей жеңілдетілген несиелендіруге 140 млрд теңге көлеміндегі қаражат бөлініп келген. Ал биыл «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы форвардтық сатып алу бағдарламасын іске асыруға шамамен 40 млрд теңге қарастырылған. Егінді несиелендіруге барлығы 180 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ қолда бар қаржыландыру көлеміне «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша қосымша 400 млрд теңге тарту мүмкіндігі бар. Бұл мақсатқа «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ желісі бойынша 300 млрд теңге қарастырылған.
Несие мерзімі – 12 айға дейін. Бұл ретте «Кең дала-2» бағдарламасына өтініш 29 сәуірден бастап қабылданып жатыр. «Аграрлық несие корпорациясы» ҰК» АҚ филиалдары өтінішті демалыс күндері де қабылдай береді.
Бүгінде 600-ден астам шаруа қожалығы жалпы сомасы 46,6 млрд теңгеге өтінім берген. Бұл – 425 мың гектар егіс алқабын несиемен қамтуға жақсы мүмкіндік. Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігі жеңілдікті несиелендірудің қосымша көлемін қамтамасыз ету үшін субсидиялаудың қолданыстағы тетіктеріне өзгеріс енгізуді көздеп отыр.
- Біріншіден, фермерлер 5 пайыздан аспайтын жеңілдік мөлшерлемесі бойынша несие алады.
- Екіншіден, несиелер бойынша кепілді қамтамасыз ету жағдайын жақсарту үшін несие шарты сомасының 85% мөлшерінде кепілдік тетігі қарастырылған.
Несиелерді арзандату үшін және кепілдік беру тетігіне республикалық бюджеттен 60 млрд теңге, оның ішінде купондық сыйақыны субсидиялауға 45 млрд теңге, қарыздарды кепілдендіруге 15 млрд теңге, жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен 37,3 млрд теңге бөлінеді.
Қарыз алушы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-дан кепілдік алуға, ал қарыздың қалған сомасына және сыйақыға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның кепілдік саясатының талаптарына сәйкес қамтамасыз етуді ұсынуға құқылы. Ал екінші деңгейлі банктер бойынша қаржыландыру кезінде олардың өздерінің кепіл саясаты қолданылады.