Министр өз өніміміздің Ресейдікінен қымбат болуы себебін түсіндірді
Техника да жаңартылмаған
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров отандық өнімнің не себепті ресейлік өнімнен қымбат екенін түсіндірді. Оның айтуынша, елімізде қолданыстағы агротехнологиялар мен ауыл шаруашылығы техникаларының жаңару қарқыны төмен.
Қазақстанда егістікке қажеттілігі ғылыми түрде дәлелденген тыңайтқыштардың тек 21%-ы ғана беріледі. Элиталық тұқымдардың үлесі – небәрі 7%. Ал Ресейде Қазақстаннан 2 есе көп.
Қалыпты жағдайда техниканың 10%-ы жаңартылу керек. Бізде ол – 4,5%. Соның салдарынан өнім өндіру қарқыны төмен, ал өзіндік құны жоғары болып шығады. Қазақстандық диқандар көрші елдердің шаруаларымен бәсекеге түсе алмайды. Өйткені өнім өндіру көлемі гектарына 9-10 центнерден аспайды. Ал Ресейде 20-25 центнерден алады, - дейді министр.
Міне, дәл осы жайт ресейлік астықтың дәстүрлі экспорттық және ішкі нарығымызға демпинг жасауына себеп болып тұрған көрінеді. Өйткені жеткізу құнын қоса есептегеннің өзінде, ресейлік өнімдер өзіміздің өнімдерден әлдеқайда арзан.