Елімізде 1,5 млн адам несиесін уақытында төлей алмай жүр
Төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен қарыздың өзі 1,6 трлн теңгеге жетті
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов елімізде несиесін уақытында төлей алмай жүрген 1,5 млн адам бар екенін мәлім етті. Оның айтуынша, жұрттың көбі 3 айдан бері қарызын қайтармаған.
Биыл 1 сәуірдегі мәлімет бар. Тұтыну несиесінің жалпы сомасы 14,2 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде 90 күннен асқан, яғни мерзімі өткен несиелердің үлесі – 1,6 трлн теңге. Тұтыну несиесін алғандардың саны – 8,4 млн адам. Оның ішінде 90 күннен аса уақыт қарызын өтемеген 1,5 млн адам тіркелді, - деді Олжас Қизатов.
Айта кетсек, «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне несие беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқығын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында енді несиені алушыларға да, берушілерге де талап күшейеді. Таяуда Halyq Uni тілшісі Дәурен Ерболатов осы құжатты талқылауға белсенді атсалысқан бірқатар Мәжіліс депутатының пікірін біліп қайтты.