Сенатор Үкіметке елдегі 242 мың әйелдің жұмыссыз екенін жеткізді
Аналарды қолдау орталығының өнімдерін нарыққа шығаруға көмек қажеттігін де құлаққағыс етіп қойды
Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады. Айтуынша, қазір Қазақстанда жұмыссыз 242 173 әйел бар екен. Бұл – алаңдатарлық жағдай.
Жақында Астанадағы әйелдерге білім, ақпараттық консультация беруге арналған «Бақытты отбасы» орталығында болдық. Орталық 2021 жылы өмірде қиын жағдайға тап болған жалғызбасты, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі және ерекше бала тәрбиелеп отырған аналарға қолдау көрсету үшін құрылған, - деді сенатор.
Бүгінде ол орталықта әртүрлі кәсіп бойынша 20-дан аса курс ұйымдастырылып отыр.
Мысалы, дизайн, модельдеу, тігін тігу, кестелеу, құрақ құрау, киіз басу, текемет, кілем, алаша тоқу, аспаздық, кондитерлік, бухгалтерлік және компьютерлік дағдыларды үйрету және тағы басқа. Санамаланған дағдылардың әрқайсысы – жеке кәсіпке негіз болатын салалар. Күні бүгінге дейін 2,5 мың әйел осы сала бойынша білім алса, олардың 80%-ы жеке кәсібін ашып, мемлекет тарапынан берілетін гранттарды жеңіп алды, - деді Нұртөре Жүсіп.
Осы орайда ол Үкімет басшысынан басқа өңірлерде де аналарды қолдау орталығын ашу мәселесін қарастыруды сұрады.
«Әйгілі Маргарет Тэтчердің «Істі талқылағыңыз келсе ер адамға, жүзеге асырғыңыз келсе әйелге барыңыз» деген сөзі бар. Осы сөз қазіргі қазақтың іскер қыздарына қарата айтылғандай көрінеді.
Құрметті премьер-министр, осындай үлгідегі орталықтарды, әсіресе, облыс орталықтарында көптеп ашуға қалай қарайсыз? Үкімет тарапынан арнайы гранттық көмек беруге мүмкіндігіңіз бар ма? Осы үлгідегі орталықтардың өнімдерін нарыққа шығаруға, қорғаныс, медицина, мәдениет салалары бойынша жүйелі тапсырыстар арқылы қалыптастыруға мүмкіндік бола ма? - деп түйіндеді сөзін Сенат депутаты.