Билік әлі жастарды қаладан ауылға ақшаға қызықтырып тартқысы келеді

Билік әлі жастарды қаладан ауылға ақшаға қызықтырып тартқысы келеді arnapress.kz
bai-bol.kz bai-bol.kz | 11 маусым, 2024

Ал олардың дені міндеттемесін орындаған соң қалаға асығады

Елімізде қаладан ауылға жұмыс істеуге баратын мамандарға берілетін төлем сомасы көбейтілмек. Ұлттық экономика министрлігі «Дипломмен ауылға» бағдарламасына өзгертулер енгізіп, жаңа жобаны қоғам талқысына шығарды. Енді олар 369 мың теңге алады.

Қаладан ауылға баратындарға тұрғын үй алуға берілетін қаржы да ұлғайған. Аудан орталықтарына баратын қызметкерлер 0,01 пайызбен 9 миллионнан астам теңге, ауылда еңбек ететіндер 7 миллион теңге несие рәсімдей алады. Бұл жаңашылдық ауылға жас мамандарды тарту үшін жасалып отыр.

2009 жылдан бері іске асып келе жатқан бағдарламаға негізінен дәрігерлер, мұғалімдер, әлеуметтік көмек қызметкерлері, мәдениет пен спорт мамандары мен ауыл шаруашылығы қызметкерлері қатысады.

Негізгі талаптардың бірі – соңғы 2 жылда қызмет алушының 90 күннен асқан берешегі болмауы керек. Яғни несиесін мерзімінен кешіктірмей төлеуі қажет. Мұндай әлеуметтік қолдау шараларына ие болған маман ауылда 3 жыл жұмыс істеуге міндетті, – деді ҰЭМ ауылдық және шекара маңы аумақтарын дамыту басқармасының бас сарапшысы Гүлмира Тынабекова.

Алайда әлеуметтанушы Айжан Базарханқызы тиісті төлемді ұлғайту мәселені түпкілікті шешпейді деп отыр. Себебі 2009 жылы басталған бағдарлама нәтижесін әлі бермеген. Диплом алған түлектердің көбісі ауылға барғысы келмейтінін айтады. Маманның пікірінше, алдымен елді мекендегі инфрақұрылымды дамыту керек. Жастарға жағдай жасау маңызды.

Жас мамандардың ауылға көшуге асықпауының бір себебі – урбанизация. Жастарды ауылға тарту үшін қызықтыру керек. Бос уақытын өткізетін орындардың көптеп ашылуы қажет. Интернет, су, газдың болмауы да кері әсерін тигізеді. Сол себепті алдымен инфрақұрылымды дамытпай, бәрі бекер болады, – деді әлеуметтанушы 31 арнаға берген жауабында.

Оның айтуынша, дипломмен ауылға баратын жас мамандардың дені міндеттемесін орындаған соң қалаға асығады. Сондықтан проблеманың себебімен емес, салдарымен күрескен жөн.