Қой – 75 мың теңге: ҚМДБ құрбандықты онлайн шалуға арналған сайт ашты
Ірі қара мен түйені 1 немесе 7 адам бірігіп шалса болады
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban2024.kz сайтын іске қосты. Оның қызметін төралқа мәжілісінде ҚМДБ цифрлық даму бөлімінің меңгерушісі Тимур Серікханұлы таныстырды.
Діни басқарманың мәліметінше, олар халыққа, әсіресе үлкен қалаларда тұратын жамағатқа оңтайлы болу үшін осындай шешімге келген. Биыл да құрбан шалу офлайн және онлайн форматта іске асады.
Онлайн түрде құрбан шалам деушілер сайт арқылы құрбандық малын таңдап, Kaspi QR арқылы қажет қаражатты аудара алады. Қой мен ешкіні жеке адам, ал ірі қара мен түйе малын 1 немесе 7 адам бірігіп шалса болады. Тапсырысыңыз сәтті өтсе, ұялы телефоныңызға SMS хабарлама келеді. Құрбандық шалынған соң оның фото және бейне есебі тапсырыс беруші көрсеткен нөмірге жіберіледі, – делінген хабарламада.
Сайтта белгіленген баға бойынша, Астанада 1 қойдың құны – 75 мың теңге. Ал алматылықтар 72 мың теңгеге сатып алып, онлайн құрбандық шала алады.
Діни басқарма іске қосқан сайтта құрбан шалуға тапсырыс беруге болады. Ет мұқтаж жандарға таратылатындықтан, адамдар құрбан етіне тапсырыс беріп, өтініш қалдыра алады.