Министрлік қалдықты қайта өңдеушілерге 232,2 млрд теңге бөледі
Үкімет бұл саладағы жобаларды қаржыландырудың жеңілдетілген тетігін бекіткен
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, бүгінде қалдықтардың шыны, пластик және макулатура сияқты негізгі түрлері бойынша қайта өңдеу қуаты төмен деңгейде.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, дайын өнім алуды дамыту сапалы қайталама шикізатты талап етеді. Ол үшін қайта өңдеуге дейінгі барлық технологиялық операцияны, яғни жинау, тасымалдау және сұрыптауды ретке келтіру қажет, - дейді ол.
Осыған байланысты Үкімет қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды қаржыландырудың жеңілдетілген тетігін бекіткен.
Ол – қоқыс таситын көліктерді сатып алуға, сұрыптау желілерін және қайта өңдеу қуатын салуға бағытталған. Қаржыландыру Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 3 жылдан 15 жылға дейінгі қарыз беру мерзімін және 3%-дық сыйақы мөлшерлемесін қарастырады. Бөлінетін қаражаттың жалпы мөлшері – 3 жылға шамамен 200 млрд теңге, - деді Ерлан Нысанбаев.
Сондай-ақ ол министрліктің жанынан құрылған жобалық топтың әкімдік және бизнес өкілдерімен кездескенін айтты. Жобаларды қарау кезінде өңірлердегі коммуналдық қалдықтардың ағымдағы жағдайын талдауға және проблемаларды жүйелі түрде шешу тұрғысынан жобалардың тиімділігіне баса назар аударылған. Нәтижесінде 232,2 млрд теңгеге 94 жоба іріктеліп отыр.
Жобаларды іске асыру нәтижесінде брусчатка, люктер, қоқыс бактары, шыны таралары, стрейч пленкалар, көлік бамперлері сияқты халықтың басқа да тұтыну тауарлары шығарылады, - деді Ерлан Нысанбаев.