Делдалдардың дәурені бітуге тақады
Ондай компаниялар көп жағдайда шетелде құрылады
«Бітейін деп тұрған саудаға беделді делдал тап болар» демекші, жалпы «делдал» деп сатуға немесе сатып алуға көмектесуші, сатушы мен алушыны табыстырушы адамды атайды. Қазір ол агент, брокер, дилер, маклер деген атауларға ие. Қай-қайсысының да дегені болып, «түкірігі жерге түспей» тұр.
Базар бағасын аспандатып жіберді
Делдалдар қалаған құнын қойып сатып, бағаны өсіріп жібереді. Тер төгіп еккен өнімнен пайданы біз емес, бірді-бірге қосып өткізетін сол делдалдар көреді. Олардың артында белгілі біреулер тұруы мүмкін, – дейді елордалық жылыжай басшысы Болатбек Жоланов.
Соның салдарынан салмақ қарапайым халықтың қалтасына түсіп отыр десек, бағаны көтеріп жіберетін делдалдарға осы кезге дейін биліктің де әмірі жүрмей келді. Үкімет жылда сол арадағы алыпсатарлардың жолын кесудің амалын қарастырған болып, дөңгелек үстел басында сұлу сөзді сапырудан әрі аса алмады.
Иә, билік бәрінен хабардар, бірақ азық-түлік бағасы әлі де күн сайын өсіп барады. Мысалы күнбағыс майына келсек, оны көтерме сату нарығына жүргізілген талдау нәтижелері бойынша, Ақтөбе облысында арнайы кәсіпорынның өз өнімін қаланың ірі сауда желілеріне тікелей өткізуден бас тартқаны анықталды.
Күнбағыс майының көтерме сауда нарығындағы бағасы тексерілді. Өнім делдал арқылы сатылып, баға көтерілген. Бұл – бәсекелестікті қорғау туралы заңнамаға қайшы келетін іс. Қазір компанияға бұл ісінің бұрыс екені туралы хабарлама жіберілді. Хабарламаны алған өндіруші талапты толық орындамады, – деді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыстық департаменті бөлімінің бас маманы Гүлсара Қалиева.
Кейін облыстық табиғи монополияға қарсы департамент тергеуді бастады. Жалпы, сауданың заманауи форматын дамыту қажет екен. Ал қазір Қазақстандағы заманауи форматтағы сауданың үлесі 4 пайыздан аспайды. Дамыған елдерде 70 пайызға дейін жеткен. Демек, жаңа заманғы форматтағы сауданың дұрыс жолға қойылмауының өзі-ақ негізгі табыс делдалдардың қалтасына түсіп жатқанын айғақтайды. Мысалы, сүттің 88 пайызы, еттің 80 пайызы нарыққа жеке қоралардан ағылса, картоптың 72 пайызы жекелеген үйлердің ауласынан тасылады екен. Міне, араға делдалдар түсіп, тауар өндірушілердің еңбегін жеп кететін сәт бұл!
Отынды да оңдырмай отыр
Сондай-ақ бүгінде бағаны арзандатуға тиісті биржалар биліктің де, бизнестің де көңілін көншітпей тұр. Егер сатылатын не сатып алынатын көмірдің, цементтің, соя бұршағының, картоптың, ұн мен қанттың көлемі 60 тоннаға, астықтың көлемі 300 тоннаға, арпа мен мақтаның көлемі 600 тоннаға тең болса немесе одан асып кетсе, оларды өткізу тек тауар биржасы арқылы ғана іске асады. Бензин, дизель отыны, битум және басқа да бірқатар тауар ірі көлемде тек биржада саудаланады.
Алайда елде қатаң бәсекелі нарық тудырып, өнім мен шикізат бағасын төмендетіп, бизнеске де, мемлекетке де мол пайда әкелуге тиіс биржалар әзірге әлжуаз болып тұр. Мысалы, антимонополиялық орган коммуналдық-тұрмыстық мақсаттағы көмірді сату саласына тергеу жүргізген. Сонда анықталғандай, өндірушілер өз өнімдерін өткізу үшін төл биржаларын құрып алған. Олар жылыту маусымы таяғанда биржалар арқылы өздері өндірген көмірді түгел сыбайлас жеткізушілерге сатып жібереді.
Шын мәнінде, сол көтерме сатып алушылар тек қағаз жүзінде ғана бар делдал болып шығады. Олардың төл кеңселері жоқ. Көбі көмір сақтауға арналған жабдықтар мен қоймалар жоқ жеке пәтерлерде және жеке үйлерде орналасқан. Кейбірінің қызметкерлері 2 немесе 5-6 адамға дейін ғана, - деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі.
Ресми дерекке сүйенсек, елімізде бір жыл ішінде коммуналдық-тұрмыстық мақсатта тұтыну үшін өндірілген 18 миллион тонна көмірдің 10,5 миллион тоннасы биржа арқылы өткізілген. Соның 8,6 миллионы арнайы базасы не сақтау қоймалары жоқ, өнімнің бірде-бір тоннасын қабылдамаған және жөнелтпеген, пәтерде немесе коттедждерде орналасқан өнімсіз делдалдарға сатылған. Ал делдалдардың қанша үстемеақы қосатынын еш орган бақыламайды.
Мысалы, «Богатырь-Көмір» ЖШС көтерме сатып алушыларға өз көмірінің 1 тоннасын орта есеппен 2 500 теңгеден өткізген. Ары қарай делдалдар тұтынушыларға оның әр тоннасын 6 мың теңгеден сатыпты. Яғни делдалдар ешқандай жұмыс бітірмей-ақ 150 пайыздай үстемесін қосып, қыруар пайдаға кенелген. Сөйтіп, бір маусым ішінде олар Богатырь көмірінен 3,3 миллиард теңге табыс тауып отыр.
Ештеңе жасамайтын делдалдардың кесірінен қарапайым халық көмір үшін орасан зор көлемде басы артық ақша төлеуге мәжбүр. Осындай өзара ымыраласу салдарынан Шұбаркөл, Қаражыра және Богатырь көмірінің тұтынушылары бір жылда кемінде 52 миллиард теңге ақшаны артық төлеген, - деп мәлімдеді монополияға қарсы орган.
Тіпті, Павлодар облысында газ қымбаттап, 1 литрі 100 теңгеге бір-ақ көтерілген. Кейін анықталғандай, баға Павлодар мұнай-химия зауыты да өнімді газ желілік ұйымдарына тікелей емес, делдал арқылы беретін болғандықтан шарықтап кетіпті. Ал делдал фирмалар қызмет көрсету ақысын 300 пайызға көтеріп жіберген.
Билік белді енді буа бастады
Билік тек биыл ғана ес жиып, президент кеңесшісі Ерұлан Жамаубаев «Трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында заңсыз жолмен пайда табуға тосқауыл қойылатынын айтты.
Оның аясында трансферттік баға белгілеуді бақылау ескерілген. Мәжілісте «Трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң аясында қосымша делдалдардың пайда болуына шектеу қоямыз, - деді Ерұлан Жамаубаев.
Сондай-ақ ол делдалдардың көп жағдайда шетелде құрылатынын атап өтті.
Олар бізден алған шикізаттық тауарларды төмен бағамен шығарып, шетелде жоғары бағаға өткізеді. Осылайша, түскен табысты қалтасына басып келді. Бұл деректерді салық бойынша тексерулер кезінде анықтадық. Заң жобасын бір жыл бойы бизнестің және мемлекеттік органдардың өкілдерімен талқылап, бұл құжат Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданды. Құжат қабылданса, республикалық бюджетке қосымша 50-100 млрд теңге қаражат түседі деп санадық. Әрине, заң талаптарын барлығы орындаса, ешқандай қудалау болмайды, - деді Ерұлан Жамаубаев.
Осы орайда ол тауарларды Қазақстанда арзанға алып, шетелге қымбатқа сатқан компаниялардың барын да атап өтті. Бірақ олардың атын атамады.
Пайда көрген ұйымдардың тізімі бар. Біз салық саласындағы құпия норма аясында ол компанияларды атай алмаймыз. Себебі олар айыппұлын толық төледі. Егер атауын жарияласақ, ол компаниялардың беделіне нұқсан келеді. Бұл компаниялар халықаралық дәрежеде жұмыс істеп жатыр. Былтыр олардан 50-70 млрд теңгеге дейін өндіріп алдық. Осы компаниялар сыртқы трейдерлермен қарым-қатынаста трансферттік баға белгілеу кезінде айырмашылық болған. Мұндай әрекетке қолданыстағы заң мүмкіндік берген, ал енді жаңа заң бойынша осы іс-қимылдар шектеледі, - деді Ерұлан Жамаубаев.