Биыл бизнес саласында 180 жобаны іске асыру жоспарланған
Ірі компаниялар өз қажетін қанағаттандыру үшін шағын және орта бизнес белдеуін құрып жатыр
Қазақстандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысында импортты алмастыруды дамыту және өзіміздің тауарлар мен қызметтердің экспорттық әлеуетін арттыру мәселелері бір пысықталды.
Мысалы, былтыр өңдеу өнеркәсібінің сыртқы сауда айналымы 12% артып, 74,2 млрд доллар болған. Ірі тапсырыс берушілер мен қазақстандық өндірушілер арасында жалпы құны 66 млрд теңге болатын ұзақ мерзімді 179 шарт пен оффтейк-келісімшарт жасалған. Сонымен қатар, өз қажетін қанағаттандыру үшін ірі компаниялар («Қазақмыс», ERG, «Қазмырыш» және тағы басқа) шағын және орта бизнес белдеуін құрып жатыр.
Импорт алмастыруды ынталандыру үшін өзіміздің өңдеушілерді қолжетімді бағадағы шикізатпен қамтамасыз ету механизмі іске қосылған. Бүгінде металдың 3 негізгі түрі – алюминий, мыс, қорғасын бойынша 25 келісім жасалып отыр. Бұл шешім өңдеуді тереңдетіп, елімізде өндірілетін тауарлардың номенклатурасын кеңейтуге мүмкіндік бермек.
Дерекке ден қойсақ, 2023 жылы жалпы құны 930 млрд теңге болатын 170 жоба іске қосылып, 12 мыңнан аса тұрақты жұмыс орны ашылған. Мысалы, лак және бояу материалдары, арматура, арнайы жұмыс киімі, медициналық жиһаздар, жылу сақтағыш материалдар, лифттер және тағы басқа импортқа тәуелді тауарлар өндірісі жолға қойылып отыр.
Енді биыл жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 180 жобаны іске асырсақ деген жоспар бар. Сөйткен жағдайда 18 мыңнан аса жұмыс орны ашылады екен.
Жалпы, өндірісті локализациялауды арттыру үшін жобалар қолжетімді қаржыландырумен, оның ішінде бюджеттен тыс көздер және кепілдік беру тетіктерін кеңейту есебінен қамтамасыз етілуге тиіс. Ал бұл шаралар кәсіпорындарға шетелдік тауар жеткізушілермен табысты бәсекелесуге кең мүкіндік береді.