«Жапондар жылқы етін жейді». Шаққалиев күншығыс еліне экспорт жөнелтуге келісті
Етті логистика жағынан Қытай арқылы жеткізуге болады
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Жапонияның Экономика, сауда және өнеркәсіп вице-министрі Ресукэ Кодзукимен кездесіп, қос тарап сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен перспективасын, оның ішінде екіжақты сауданы ұлғайту мүмкіндігін талқылаған болатын.
Арман Шаққалиевтің айтуынша, Жапония Қазақстандағы ірі инвесторлардың ондығына кіреді. Соңғы 17 жылда жапондық инвестиция көлемі 7,8 млрд доллардан асқан.
2023 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 16,5% өсіп, 2 млрд долларға жеткен.
Біз қазақстандық өнімдердің экспортын кеңейттік. 204 млн долларға 45 өңделген тауарды жеткізуді одан әрі арттыруға дайынбыз. Қазақстанда ірі ауыл шаруашылығы және азық-түлік хабына айналу үшін барлық ресурс бар. Ауыл шаруашылығы өнімдерін, әсіресе, жылқы етін жеткізуге мүмкіндік мол, - деді министр.
Қос ел арасында сауда-экономикалық байланыстың нығаюы үшін Арман Шаққалиев KazakhExport пен Жапонияның экспорттық-несиелік агенттігі арасында сақтандыру, қайта сақтандыру және несиеге кепілдік беру саласында тығыз ынтымақтастық орнатуды ұсынды.
Кездесуде қос тарап келесі жылғы 13 сәуір мен 13 қазан аралығында Осака қаласында өтетін «Біздің өміріміз үшін болашақ қоғамын құру» тақырыбындағы ЭКСПО-2025 көрмесіне дайындық мәселесін көтерді.
Министрдің айтуынша, Қазақстанның халықаралық көрмеге қатысуы екі елдің мүдделі компаниялары мен іскер топтары арасында ұзақ мерзімді және өзара тиімді байланысты орнатуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Ресукэ Кодзуки екі ел арасындағы іскерлік қарым-қатынасты одан әрі жандандыруға сенім білдірді.
Одан кейін Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстанның Жапонияға ет экспорттауға дайын екенін арнайы брифингте де нақтылады. Сол сәтте БАҚ өкілі оған «Жапонияға жылқы еті экспорттала ма? Жапондар жылқы етін жей ме?» деген сұрақ қойды.
Жапондар жылқы етін жейді. Бізде 40-тан астам өндіруші бар. Олар жылқы етін жіберуге дайын. Қазір бұл туралы әріптесіме ақпарат бердім, дайындығын көрсеттім. Логистика жағынан Қытай арқылы жеткізуге болады. Тек қана Жапониядан бізге сұраныс керек, – деді Арман Шаққалиев.