Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілердің жалақы көлемін жария етті
Олардың әрбір отбасы мүшесіне тұрғын үй төлемдері де төленеді
Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы, подполковник Руслан Жангулин еліміздегі әскери қызметшілердің жалақысы қанша екенін айтты.
Келісімшарт бойынша жұмыс істейтін әскери қызметшінің орташа жалақысы – 150 мың теңге. Сондай-ақ оларға әртүрлі әлеуметтік жеңілдік қарастырылған. Өңірге байланысты әрбір әскери қызметшінің отбасы мүшесіне тұрғын үй төлемдері төленеді. Мысалы, биыл Астанада әскери қызметшілердің тұрғын үй төлемі үшін әр адам басына 75 мың теңгеден қарастырылған, - деді ол.
Егер отбасы 4 адамнан тұрса, оны аталған сомаға көбейтсек, 300 мың теңге шығады. Сондай-ақ олар санаторийлік-курорттық емделуге жіберіледі.
Бұдан бөлек, Руслан Жангулин әскери қызметкешілердің зейнетке ерте шыға алатынын жеткізді.
Олар 25 жыл әскери қызметін өтесе, зейнетке шығып, ел игілігіне қызмет ете алады. Қазір Үкімет деңгейінде әскери қызметшілерге, сондай-ақ офицерлер құрамына бірыңғай төлем жүйесін енгізу мәселесін қарастырып жатырмыз. Шешім қабылданса, тиісті ақпаратты жариялаймыз, - деді подполковник.