Балқаштық кәсіпкерлер жаңа тасжол ашылғалы табысынан айырылған
Олар шенеуніктерден бұрынғы жерлеріне пара-пар телімдер беруді сұрайды
Балқаш қаласының кәсіпкерлері жаңа тасжол салдарынан табыстарынан айырылып, банкрот алдында тұрғандарын мәлімдеді. Олардың айтуынша, қаланы айналып өтетін автобанның іске қосылуы клиент ағынын толығымен тоқтатқан, деп хабарлады КТК телеарнасы.
Кәсіпкерлердің айтуынша, жаңа жол пайдалануға берілгеннен кейін қалаға кіреберіс пен шығатын жолдарда орналасқан дәмханалар, дүкендер және жанар-жағармай құю бекеттері босап қалған.
Кәсіпорындарымыз күнкөріссіз қалды. Өйткені нысандарымыз, құрылыстарымыз, жеріміз ешкімге қажетсіз. Жолды саларда біздің мәселемізді, 60-қа жуық шағын және орта бизнес нысандарының жағдайын ешкім ескермеді, - деп шағымданды кәсіпкер Лариса Кичирко.
Балқаш маңындағы ескі жолдың 10 шақырымдық бөлігінде ондаған дәмхана, дүкен, жанармай бекеті мен автокөлікке қызмет көрсету орталықтары орналасқан. Бұрын ол жерге туристер мен жүк көліктерінің жүргізушілері тоқтайтын. Ал қазір барлық трафик жаңа тасжолмен өтіп жатыр, салдарынан кәсіпкерлердің табысы күрт төмендеген.
Әкімдік өкілдері жаңа тасжолдың бойында кәсіпкерлерге арналған арнайы аумақтар белгіленгенін мәлімдеді. Алайда кәсіпкерлер жаңа орындарды жалға алу, құрылыс салу шығындары тым жоғары екенін айтып отыр. Олар шенеуніктерден бұрынғы жерлеріне пара-пар телімдер беруді сұрайды.
Жол бойындағы қызмет көрсетуге арналған аумақтар қазірдің өзінде белгіленді. Тасжол бойында 11 гектар және қосымша 20 гектар бар. Ол жерге 100-ден аса шағын және орта бизнес нысандары орналастырылады. Учаскелер тек аукцион арқылы беріледі, - деді Балқаш әкімінің орынбасары Руслан Сыздықов.