Кәсіпкерлер бұрынғы уақыт белдеуін қайтаруды талап етіп отыр
Бұл еңбекке ынтаны төмендетіп, электр жарығын пайдалануды көбейтіп, қосымша шығынға ұрындырып отыр
Қазақстанның бірыңғай уақыт белдеуіне көшкеніне біраз уақыт өтсе де бұл шешімге наразылық білдірген кәсіпкерлер саны артып келеді. Әсіресе құрылыс саласының өкілдері бұл өзгерістің еңбек өнімділігіне кері әсер етіп, шығынды арттырғанын айтып отыр. Бұл туралы KTK телеарнасы хабарлады.
Түс ауа сағат 3 пен 4 арасында қараңғы түсе бастайды. Ойлаңыз, қараңғыда қандай сапалы жұмыс жүреді? Бизнесте алдымен еңбек өнімділігі керек. Тіпті нысанға жеткізілген құрылыс материалдарын қабылдау да оңай емес. Біз, кәсіпкерлер, еліміздің төрт бұрышында сағат тілін бұрынғыша орнына қойса дейміз, - деді Қазақстан құрылысшылар одағы президиумының төрағасы Талғат Ерғалиев.
Оның айтуынша, күннің ерте батып, қараңғының ерте түсуі жұмысшылардың биологиялық ырғағына да кері әсерін тигізген. Бұл еңбекке деген ынтаны төмендетіп, электр жарығын пайдалануды көбейтіп, қосымша шығынға ұрындырып отыр. Десе де жауапты министрліктер уақыт белдеуіне көшуге қатысты оң пікірде. Денсаулық сақтау министрлігі сағат ауыстырудың адам денсаулығына әсерін зерттеуді жалғастырып жатыр. Бірақ зерттеу нәтижелері әлі толық аяқталмаған. Мәжіліс депутаттары бұл зерттеуді 2025 жылдың наурызына дейін аяқтауды талап еткен. Ал Оқу-ағарту министрлігі бұл өзгеріс оқушылар үшін қолайлы болды деп есептейді.
Ұйқысы қанық балалардың үлгерімі жақсарды, – дейді министрлік өкілдері.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек болса, Үкіметтің уақыт белдеуін ауыстыру жөніндегі шешімі өзгермейтінін, бірақ сонда да оның әсеріне қатысты зерттеу жүргізілетінін мәлімдеген болатын.