Биыл мемлекеттік бюджетке 3,5 трлн теңге салық түспеген

Биыл мемлекеттік бюджетке 3,5 трлн теңге салық түспеген ашық дереккөз
bai-bol.kz bai-bol.kz | 17 желтоқсан, 2024

19 трлн теңге түсіп, жоспар 90% орындалған

Қазақстан бюджетіне 3,5 триллион теңге салық түспей қалған. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, мемлекеттік бюджетке 19 трлн теңге түсіп, жоспар 90% орындалған. Оның ішінде республикалық бюджетке 11,8 триллион теңге түсіп, жоспардың 82%-ы орындалған.

Жоспардың орындалмауы – салық түсімдерінің азаюына байланысты. Олар 76%-ға орындалды: жоспар – 14,3 трлн теңге, нақты – 10,8 трлн теңге түскен, орындалмағаны – 3,5 трлн теңге, - деді вице-министр.

Оның мәліметінше, жоспардың орындалмауының негізгі себептері:

  • үш елден импорт көлемі 10 айда былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 6,4%-ға немесе 2,3 млрд долларға азайған;
  • негізгі экспорттық металдарға бағаның төмендеуі 602 ірі салық төлеушіге берілген аванстық төлемдер сомасының 26,7%-ға немесе 267 млрд теңгеге төмендеуі.

Қосымша құн салығын қайтару өсімі 981 млрд теңгені қамтыған. Ержан Біржанов салықтың түспей қалған бөлігі салықтық емес төлемдерді 1 триллион теңгеге ұлғайту арқылы өтелетінін атап өтті.