ІІМ өкілдері полицияға пара бергіштерге ескерту жасады
Пара беру фактілері бойынша 70-тен аса қылмыстық іс қозғалды
Полиция қазақстандықтарға үндеу жасады. ІІМ өкілдері заң бұзушылықтың кез келген түрі жазасыз қалмайтынын ескертті, деп хабарлады ведомствоның Telegram-арнасы.
Ішкі істер министрлігі елдегі құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қарқынды жұмыс жүргізуді жалғастырып жатыр.
Біздің ең басты міндетіміз – әрбір азамат өзін қауіпсіз сезініп, заң бұзушылықтың кез келген түрі жазасыз қалмайтынына сенімді болуын қалаймыз. Қазір полиция қызметкерлерінің де, азаматтардың да әрекеттері бейнебақылау камералары, регистраторлар мен смартжетондар арқылы жазылады. Барлық мәлімет министрліктің өзіндік қауіпсіздік департаментінде тұрақты түрде қадағаланып отырады, - деді ІІМ өкілдері.
Өкінішке қарай, осы ескертулерге қарамастан, кейбір азаматтардың заңсыз әрекеттерге барып, оның ішінде лауазымды тұлғаларға пара беруге әрекет жасау жағдайлары жалғасып отыр.
Күшейтілген бақылау басталғаннан бері осындай әрекеттер туралы полиция қызметкерлерінен 900-ден аса хабарлама түсті. Пара беру фактілері бойынша 70-тен аса қылмыстық іс қозғалды. Астана қаласында бір азамат жауапкершіліктен құтылу үшін ақшаны қызметтік көлікке қалдырған. Құқық бұзушы қылмыстық жауапкершілікке тартылды, - делінген ведомство хабарламасында.
Сонымен қатар Көкшетау қаласында бір азамат қылмыстық жауапкершіліктен жалтару үшін полиция қызметкерлеріне 500 мың теңге ұсынған. Іс сотқа жіберілді.
Барлық азаматтарға тағы да айтарымыз: заңды сақтаңыздар және әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатын әрекеттерді жасамаңыздар. Тек бірлескен күш-жігеріміздің арқасында ғана біз тәртіп пен әділдік орнайтын қауіпсіз қоғам құра аламыз, - деп ескертті полицейлер.