Қонаев қаласындағы 5 казино биыл 90 млрд теңгеге жуық салық төлеген
Ондағы казинолар шетелдік туристерге басымдық береді
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласында 5 казино, 6 ойын залы мен бірнеше букмекер жұмыс істейтінін мәлім етті. Айтуынша, жыл басынан бері олар 90 миллиард теңгеге жуық салық төлеген.
Облыс әкімі казинолардың заңды жұмыс істейтінін атап өтті.
Казинолар 3,5 мың жұмыс орнын ашты. Ойын саласындағы өзге мекемелер де 3,5 мың жұмыс орнын ашқан. Сондықтан мұнда азаматтардың басым бөлігі табыс тауып отыр. Оның үстіне су қоймасының жағалауында орналасуы туристер үшін тартымды болып тұр, – деді Марат Сұлтанғазиев.
Сондай-ақ ол қаладағы 5 казиноның лицензияланғанын алға тартты.
Қонаев пен Щучинск қалаларында ғана ойын бизнесін жүргізуге болады. Сондықтан бізде жұмыс істейтіндердің бәрі тіркелген. Ал казинолар шетелдік туристерге басымдық береді. Алматы қаласына жақын орналасқандықтан және туристік дестинацияда болғандықтан казиноларға адамдар келеді, – деді облыс әкімі.