Алматы метросында қаза тапқан зағип жігіт ақша тауып, ата-әжесіне көмектесіп жүрген

Алматы метросында қаза тапқан зағип жігіт ақша тауып, ата-әжесіне көмектесіп жүрген image.png
bai-bol.kz bai-bol.kz | 12 желтоқсан, 2024

Оған 5-тен көп ота жасалған, бірақ көру қабілеті қалпына келмеген

«Қазақ зағиптар қоғамы» 10 желтоқсанда метроға мінбекші болып, рельске құлап мерт болған 26 жастағы жігіт туралы айтты, деп хабарлады 31 арна.

Қоғам өкілдері метро зағиптар үшін өте ыңғайсыз көлік түрі дейді. Вокзалға кіреберістен вагондарға дейінгі жол да ұзақ. Олардың айтуынша, еріп жүретін адам болмаса, көзі көрмейтіндер үшін ол жерге жету өте қиын.

Қоғамдық ұйымның мәліметінше, марқұм Қанат Батқалғазы – Талғардың тумасы. Жасөспірім кезінде оның көру қабілеті генетикалық бейімділікке байланысты күрт нашарлай бастаған. Оған 5-тен көп ота жасалған, бірақ көру қабілеті қалпына келмеген.

Ол өте еңбекқор, компьютерінде орнатылған дауыстық бағдарламаны пайдаланып, 18 жасынан бастап мемлекеттік сатып алуларға қатысқан. Ақша тауып, ата-әжесіне көмектесті. Ол медициналық колледжде массажист мамандығы бойынша оқыды, - дейді қоғамдық ұйым өкілдері.

Сондай-ақ «Қазақ зағиптар қоғамының» Алматыдағы өкілі соңғы кездері жер-жердегі скутерлерге қатысты шағымдардың көп түсетінін айтты. Көзі нашар көретін адамдар үнемі солардың үстіне құлап кетеді екен.

Арыққа түсіп кетіп жатады. Көп жерде жол бойында зағиптарға таяқпен жүргенде бағдар беріп отыратын тактильді кедергілер жоқ, - дейді «Қазақ зағиптар қоғамы» Алматы қалалық филиалының төрағасы Алтынай Ибрагимова.