Алаяқтар Қоспаевтың қылмыстық тобынан тәркіленген базарды сатып жібере жаздады

Алаяқтар Қоспаевтың қылмыстық тобынан тәркіленген базарды сатып жібере жаздады Алихан Сариев
bai-bol.kz bai-bol.kz | 12 желтоқсан, 2024

Шетелдік инвесторларға 2,2 млрд теңгеге өткізбек болған

Айдос Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты тергеу барысында алаяқтар арестті заңсыз шешіп, Алматыдағы Никольский базарында тәркіленген мүлікті сатпақ болған.

Қаржы мониторингі агенттігі AV-Construction ЖШС, «Шыны зауыты» ЖШС, «Шалқар 17» ЖШС, «Бахар-А» ЖШС және басқа да кәсіпорындарды рейдерлік жолмен басып алды деген күдікке ілінген Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты тың деректерді мәлім етті.

Сот Айдос Қоспаев құрылтайшы болған, Nikolsky Investment ЖШС-іне тиесілі Алматы қаласындағы «Никольский» базарының аумағында орналасқан жер учаскесі мен мүлікке тыйым салды.

Биыл 5 қазанда құны 2,2 млрд теңге болатын мүлік пен жер учаскесі шетелдік инвесторларға одан әрі сату мақсатында бөгде тұлғаларға қайта ресімделген, – деп мәлімдеді Қаржы мониторингі агенттігі.

Агенттік алаяқтық үшін бұрын сотталған 3 адамды анықтап, ұстады. Оларға қатысты сот санкциясымен «Қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.