Елімізде 108 жастағы сиырға және қайтыс болғандарға субсидия берілген
Депутат Түркістан облысында бәрі тұтас мафия екенін алға тартты
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселесі бойынша Жоғары аудиторлық палатаның есебін тыңдау барысында 108 жастағы сиырға қалай субсидия берілгенін айтты.
1 299 ай немесе 108 жастағы сиырға субсидия берілгені анықталды. Сиырдың туған күні ретінде 1914 жылдың 6 наурызы көрсетілген. Басқаша айтқанда, әкімдіктер Амангелді Имановтың көтерілісінен 2 жыл бұрын, Бірінші дүниежүзілік соғыстың басында, Қазан революциясынан 3 жыл бұрын туған сиырға субсидия берген, – деді Бақытжан Базарбек.
Сондықтан ол осы жағдай ауыл шаруашылығындағы субсидиялау жүйесінде өрескел проблемалар мен бақылаудың жеткіліксіз екенін көрсетіп отыр деген пікірде.
Депутаттың айтуынша, субсидиялар жұмыс істемейтін шаруашылықтарға, банкротқа ұшырағандарға, жалған кәсіпорындарға және тіпті қайтыс болған адамдарға да берілген. 148 өтінім бойынша 254 миллион теңгенің иелері субсидия беру кезінде тізімнен жойылған. Ал Түркістан облысы мен Шымкенттегі 968 субъекті сол уақытта кәсіпкерлік қызметін тоқтатқан.
Оларға тыңайтқыштарға арналған субсидиялар берілді. Менің ойымша, тыңайтқыштар мәселесі мен субсидияларды беру ісін құқық қорғау органдары ерекше бақылауға алуы керек. Онда бәрі тұтас мафия, – деді Бақытжан Базарбек.
Мәжіліс дәлізінде Жоғары аудиторлық палатаның басшысы депутаттың мәліметін растады. Ол мұндай факті елдің оңтүстік өңірлерінің бірінде болғанын атап өтті.