Жезқазған кеншілеріне жалақы мәселесін шешудің екі жолы ұсынылды

Жезқазған кеншілеріне жалақы мәселесін шешудің екі жолы ұсынылды YouTube
bai-bol.kz bai-bol.kz | 20 желтоқсан, 2024

Жиынға Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов пен Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев та қатысты

Жезқазғанда ереуілге шыққан кеншілермен келіссөздер жалғасып жатыр. Қазір оларға мәселені шешудің екі жолы ұсынылды, деп хабарлады «Қазақмыс» корпорациясы.

Еске сала кетсек, 17 желтоқсанда Оңтүстік Жезқазған кеніші мен Жыланды кенішінің қызметкерлері ереуілге шыққан болатын. Жұмысшылар жалақыны 2і есе арттыруды талап етті. Бас кезінде кәсіподақ ұйымдары түсіндіру жұмыстарын өткізді. Ал кейін «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриев бригадирлермен кездесті. Жиынға Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов пен Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев та қатысты.

Жиын қорытындысы бойынша, «13-жалақыға» 30 пайыз мөлшерінде үстемеақы қосуға шешім қабылданды. Ал 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақыны көтерудің екі нұсқасы ұсынылды.

1-нұсқа: жалақы мөлшерін қосымша 8,5%-ға ұлғайту, өндірістік жоспарды орындағаны үшін қосымша 50 АЕК мөлшерінде төрт тоқсандық сыйақы (2025 жылы – тоқсан сайын 196 мың теңге) беру;

2-нұсқа: Жалақыны 15,6%-ға индекстеу.

Корпорация басшысы Нұрахмет Нуриевтің айтуынша, жалақыны күрт әрі негізсіз көтерсе, шығын көп шығады. Соның салдарынан бірқатар кенішті консервациялап, жұмыс орындарын жабуға тура келеді.

Келіссөз жалғасып жатыр. Компания барлық жұмысшыны ыстық тамақпен қамтамасыз етті. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС қалыптасқан жағдайды тезірек шешу үшін оң қадамдарды іске асыруды жалғастыруда, - делінген ресми хабарламада.

Қазіргі ұсыныстарды түсіндіру үшін жұмыс орындарында, соның ішінде шахталарда жұмысшылармен тікелей кездесу де ұйымдастырылды.

Бұған дейін корпорация «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігіне қарасты кеніштерде төленетін жалақының мөлшерін жариялаған болатын. Бүгінде ең төменгі жалақы – 363 мың теңге, ал орташа жалақы 730 471 теңгені қамтиды.

Ұлытау облысындағы орташа жалақы – 515 543 теңге, Қазақстан бойынша – 390 328 теңге. Бұл – біздің жалақымыздан шамамен 2 есе аз көрсеткіш. Басшылық 2025 жылдың қаңтар айынан бастап жалақыны көтеруді жоспарлап отырғанын хабарлады. Жұмысшылардың табысы ресми инфляция деңгейіне сай 8,5%-ға артады. Бұл – корпорация қабылдаған міндеттемелер мен заң талаптарына сәйкес шара. Осы қадамның нәтижесінде корпорациядағы орташа жалақы 822 мың, ал жерасты жұмысшыларының айлығы 1 млн 303 мың теңгеге дейін өседі, - дейді компания мамандары.

Сондай-ақ корпорация келесі жылдан бастап жаңа ұжымдық шарт күшіне енетінін хабарлады.

Негізгі шаралар:

  • материалдық көмек мөлшерін арттыру. Мысалы, балаңыз дүниеге келсе, сіз 30 айлық есептік көрсеткіш немесе 117 960 теңге аласыз.
  • материалдық көмек көлемі 340%-ға артты;
  • қаза тапқан жұмысшының балаларын мектепке дайындау үшін отбасына 30 айлық есептік көрсеткіш немесе 117 960 теңге беріледі;
  • жұмысшының үйлену тойына 30 айлық есептік көрсеткіш немесе 117 960 теңге мөлшерінде көмек көрсетіледі;
  • санаторийде емделуге төленетін өтемақы 25%-ға ұлғаяды;
  • ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналары жылына бір рет 30 айлық есептік көрсеткіш алады;
  • балалар лагеріне берілетін жолдама саны 1 500-ге дейін көбейеді, бұған қосымша 144 миллион теңге бөлінеді;
  • барлық қызметкерлер ерікті медициналық сақтандырумен қамтылады, бұрын бұл тек зиянды жағдайда жұмыс істейтін азаматтарға ғана берілетін.

Сонымен қатар компания Сәтбаев, Жезқазған қалаларының дамуына инвестиция салады. 2023-2024 жылдары аймақты дамытуға 30 миллиард теңгеден аса қаржы құйылды.