Әр қазақстандықтың күніне жарты келі картоп тұтынуы мүмкін емес - депутат
Әкімдіктер, орталық мемлекеттік органдар жалған мәлімет беруге әбден үйреніп алды, - деді ол
Мәжілістегі Respubliса фракциясының депутаттары Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми деректеріне күмән келтірді.
Статистикаға қарасақ, әрбір қазақстандық, оның ішінде нәрестені есепке алғанда, олар әр күн сайын жарты келі картоп тұтынуы қажет. Ал бұл – салыстырмалы түрде картоптың отаны Беларусь елінен бірнеше есе көп деген сөз. Мен статистикаға бекер сүйеніп отырған жоқпын. Ашығын айтсақ, Қазақстан картопты 2 есе аз өндіреді. Дәл осындай жағдай басқа да салада кездеседі. Бұл ресми статистика мен шынайы өмірдің сәйкес емес екенін көрсетеді.
Салалық одақтардың бағалауына сәйкес, бидайға қатысты берілген есеп 3 млн тоннаға артық. Бәріміз білеміз, 2021 жылы Маңғыстау облысынан бастап, бүкіл оңтүстік, батыс өңірлерінде қуаңшылық болды. Сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрі ауыр жағдайға қарамастан 20,1 млн тонна астық жиналғанын сүйінші сұрап жеткізгені есімізде. Жекелеген аймақтарда мал басын санағанда анықталған сәйкессіздік 40%-ды көрсетті», - деді депутат Айдарбек Қожаназаров.
Оның айтуынша, елімізде шенеуніктер жалған есеп беруге әбден үйреніп алған. Алайда бұл азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.
Осындай өтірік кімге, не үшін керек? Жалған есептер еліміздің ауыл шаруашылығы саласын құрдымға жібермей ме? Барлық деңгейдегі әкімдіктер, орталық мемлекеттік органдар жалған мәлімет беруге әбден үйреніп алды. Былай айтқанда, жеке қосалқы шаруашылықтардың көрсеткіштерін өз бетінше еселеп, статистиканы түрлендіре береді. Ал бұл үшін жауапкершілік мүлде қарастырылмаған, - деді депутат.
Оның айтуынша, әкімдердің арасында бәсеке болғаны жақсы. Бірақ олар нақты атқарылған іспен, нәтижемен жарысып жатса, онда оны құптауға болады. Ал ойдан шығарған сандармен арзан ұпай жинау елге қажет емес.
Мұның зиянын бюджетті жоспарлау кезінде көріп отырмыз. Нарықты реттегенде қате шешімдер қабылданады. Бәрін былай қойғанда, бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігінің тас-талқанын шығаратынын баса айтқым келеді, - деді депутат.
Сондай-ақ ол мәселені шешу үшін өз ұсынысын айтты.
Әкімдіктердің жұмысын бағалау критерийі ретінде қолданылатын өнім көлемі индексі сенімді бизнес көрсеткіштеріне ауыстырылуы керек. Мүмкін кәсіпорындар рейтингін есепке аларсыздар. Әкімдердің жұмысын бағалауды нақты қолдарында тұрған бар құралдарға қарап бекітсе. Мысалы, ауыл шаруашылығы өндірісіне бөлінген жер учаскелері, берілген субсидиялар, жасалған инфрақұрылымдар, тартылған инвестиция көлемі, несие көлемі бар. Статистикалық есепті мал басын есепке алудың ақпараттық жүйесін, дақылдардың ғарыштық мониторингін, салық және зейнетақы есептеулері, кедендік декларацияларды және электронды шот-фактуралардың базасын интеграциялау арқылы жүргізу керек. Кәсіби фермерлерді, жетекші IT-компанияларды және халықаралық сарапшыларды тартып, жұмыс тобын құру арқылы ақпараттық, әдістемелік және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру маңызды, - деді Айдарбек Қожаназаров.
Оның пікірінше, шаруа қожалығы жергілікті әкімдердің сұрауы бойынша өндірілген өнім көлемін ұлғайтып көрсететін болса, оған тиісінше салынатын салық көлемін де ұлғайту қажет.