«Санасыздар!»: Ырысбала Икрамбай мұқтаждықпен алған үйді сатқан әйелге ренжулі
Не жетпейді? Көңіл жарастыратын еркек не керек? - дейді блогер
Белгілі блогер Ырысбала Икрамбай әлеуметтік желідегі парақшасында халықтың ақшасына алынған үйді сатуға шығарған әйелге ренішін білдірді.
Ол үйдің сатуға шығарылғанын блогерге оқырманы айтып қойған.
Былтыр үйді інісі банкке кепілге қойды. Мен барып, айқайға салғанда «Бердің бе, кет» деп едіңіздер. «Халық айтып жатыр ғой» деп өзімді әрең басып, қойып едім. Енді мынаны қараңыздар. Үйді 20 миллионға сатуға қойыпты. Бұл үй, қателеспесем, 22 миллионға алынған. Құжаттардың көшірмесі бар. Ішіндегі дүние-мүлкін қосыңыз. Үйге мектеп жақын, газбен жылиды, ыстық су, суық су, жуынатын жері, дәретханасы бәрі ішінде орналасқан. Не жетпейді? Көңіл жарастыратын еркек не керек? Халықты себепші етіп, Алланың бұйыртқан бағы деп бағалауды білмейді, санасыздар! Банктегі қарызын төлей алмағаны үшін сатып жатыр, – деді блогер.
Айтуынша, ол үй 100 пайыз халықтың ақшасына алынған көрінеді.
Үндемей отыра алмадым. Үйді халықтың қаражатына алдық. Құжаттарын да қолына ұстатып, атына жазып бердік. Менің арым таза. Басымды тік көтеріп айта аламын. Үйді толығымен керек-жарағына дейін түгендеп сыйладық. Ештеңе сұрамадым. Елдің алдында кілтін қолына бердім. Үйді кепілге қойғанда ғана бір рет бардым. Содан кейін мазалаған емеспін, – деді Ырысбала Икрамбай.