Жұмысын тоқтатқан 2,5 мыңнан аса субъектіге 5 млрд теңге субсидия аударылған

Жұмысын тоқтатқан 2,5 мыңнан аса субъектіге 5 млрд теңге субсидия аударылған bai-bol.kz
bai-bol.kz bai-bol.kz | 11 желтоқсан, 2024

Субсидия алғандардың 3 мыңға жуығы тіпті агроөнеркәсіп кешенінің субъектілері емес

Жоғары аудиторлық палата ауыл шаруашылығы саласындағы субсидиялардың тиімділігін зерделеп шықты.

Палата төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша, бүгінде бұл салада субсидиялау көлемі артып келеді. Алайда оларды тиімді пайдалану мәселесі шешілмеген.

Субсидиялаудың нақты басымдықтары белгіленбеген. Бұл субсидия қаражатын көптеген бағытқа шашуға ықпал етеді. 17 бағыт бойынша 67 субсидия түрі бар, ал олардың әсері шамалы. Сонымен қатар нақты нысаналы индикаторлар айқындалмаған, - деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.

Оның айтуынша, субсидия берілетін бағыттардың көптігіне байланысты кейбір бағытта қаржының көлемі 2 есе азайған. Оған қоса, өтінімдердің орындалуы 2 жылға дейін созылып жатады. Субсидия алушыларға бағалау жүргізілмейді.

Мұның бәрі өз қызметін субсидия алғанға дейін немесе одан кейін тоқтатқан 2,5 мыңнан аса субъектіге 5 млрд теңге субсидия төленуіне әкеп соққан. 5,4 млрд теңге субсидия алғандардың 3 мыңға жуығы тіпті агроөнеркәсіп кешенінің субъектілері емес. Мұндай жағдайларда субсидиялаудың тиімділігі туралы айтудың өзі де қиын, - дейді Әлихан Смайылов.

Аудит нәтижесіне сәйкес, бюджеттің 142 млрд теңгесі тиімсіз жоспарланған және пайдаланылған. Бұдан бөлек, 2 млрд теңгенің қаржылық заң бұзушылықтары анықталған.

Экономикалық шығындар мен жіберіп алған пайда шамамен 5 млрд теңгені қамтыды. Бюджетке 2 млрд теңге өтелді және қалпына келтірілді, - деді палата төрағасы.

Оның айтуынша, 4 факті бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберіледі. 322 материалда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.