Temu мен Pinduoduo Қазақстандағы тауарларының сапасына жауап беретін болады

Temu мен Pinduoduo Қазақстандағы тауарларының сапасына жауап беретін болады Bloomberg Finance LP
bai-bol.kz bai-bol.kz | 11 желтоқсан, 2024

Біз оларды Қазақстанда филиалын ашып, тіркелуге мәжбүрлейміз, - деді Сауда вице-министрі

Қазақстандықтар арасында танымал екі маркетплейс сатылатын тауарлардың сапасы үшін заң бойынша жауап беруге міндеттеледі. Себебі Сауда министрлігі шетелдік компаниялардың Қазақстанда өз ресми өкілдіктерін ашуы керектігін мәлімдеді.

Вице-министр Қайрат Төребаев Мәжілісте тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заң жобасы қарастырылып жатқанын атап өтті.

Оның аясында біз бүкіл маркетплейсті нарықта өнімін сататын компаниялармен теңестіріп жатырмыз. Яғни бұл компаниялардың заң бойынша жауапкершілігі пайда болады. Осыған дейін олар бұл маркетплейстің өнімі емес, өндірушінің тауары деп құтылатын. Ал енді біз оларды Қазақстанда филиалын ашып, тіркелуге мәжбүрлейміз. Тұтынушы алдында әрбір өнімі үшін заңға сәйкес жауап беруін талап етеміз, - деді ол.

Егер маркетплейстер ресми түрде Қазақстанда өкілдігін ашпаса, елге салық бойынша қарыз болады. Вице-министр қазір «Қазпоштаның» Temu мен Pinduoduo компанияларын Қазақстанда тіркеу туралы келіссөз жүргізіп жатқанын айтты.