«Наурыз» ипотекалық бағдарламасының шарттары өзгереді
Қазір СҚО, Павлодар, Қызылорда және Атырау облыстарында баспана тапшылығы байқалады
Қазақстанда «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы бойынша жинақтау шегін арттыру жоспарланып отыр.
«Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, енді «Наурыз» бағдарламасына қатысу үшін депозитте ең төменгі сома 2 миллион теңге болуы қажет.
Қазір бағдарламаға қатысу үшін депозитте 1 миллион теңге болуы қажет. Алайда конкурс жеңімпазы тұрғын үй құнының 20 пайызын қысқа мерзімде төлеуге тиіс. Талдау көрсеткендей, 2,5 мың өтінімнің тек 39 пайызы осы талапқа сай. Сондықтан депозиттегі ең төменгі соманы 2 миллион теңгеге дейін ұлғайтуды ұсынамыз. Бұл бағдарламаны іске асыруды жылдамдатады, – деді ол.
Ибрагимованың айтуынша, «Наурыз» бағдарламасына келесі жылы 300 миллиард теңге бөлу жоспарланған.
Бағдарламаны 2025 жылы жалғастыру үшін 14-15 пайыздық нарықтық мөлшерлемемен 200 миллиард теңгеге облигациялар шығарамыз. 7 пайызға дейін мемлекеттік субсидиялар арқылы бөлінеді. 24 қаңтарда бюджеттен 8,1 млрд теңге бөлуді сұраймыз. Келесі жылы бағдарламаны сәтті іске асыру үшін бұл үдерісті жеделдетуді ұсынамыз. Өйткені ол жас отбасылар арасында сұранысқа ие, – деді «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасы.
Сондай-ақ ол бағдарламаға талдау жүргізу кезінде 2 мәселе анықталғанын мәлім етті.
Бірінші мәселе – көптеген сатып алушылар жөндеу жұмыстары жүргізілген дайын тұрғын үйді сатып алуды жөн көреді. Себебі жөндеу шығындары айтарлықтай көп болады. Осыған байланысты банк Құрылыс компаниялары қауымдастығымен бірқатар кездесу өткізді. Енді порталда тұрғын үйлер дайын күйінде орналастырылады. Ал сатып алушылар оны 10 пайыздық бастапқы жарна төлеп ала алады. Бұл өзгеріс 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді, – деді Ләззат Ибрагимова.
Оның айтуынша, қазір Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қызылорда және Атырау облыстарында баспана тапшылығы байқалады.
Банк мәліметінше, 2024 жылдың басынан бері бастапқы тұрғын үй сатып алуға 571,7 миллиард теңгеге 32,8 мың несие, оның ішінде мемлекеттік бағдарламалар бойынша 94,6 миллиард теңгеге 7,8 мың несие берілген.
Банк өз бағдарламалары бойынша 477,1 миллиард теңгеге 25 мыңнан аса несие берді.
Оның 40 пайызы – «Наурыз» және «Отау» бағдарламалары бойынша, яғни 240 миллиард теңгенің 9,3 мыңы – несие.