Мақпал Исабекова баласына жәрдемақы ала алмай жүр
«Үйде бала тауып отыр ғой» деп ешкім менің жағдайымды ойлап жатқан жоқ, - дейді ол
Жақында екінші рет босанған әнші Мақпал Исабекова Instagram-дағы парақшасына баласының жөргекпұлын ала алмай отырғанын жазды.
Желіге видео жүктеген әнші «Электронды үкімет порталына бала туғанымды дәлелдей алмай жүрмін» дейді.
Алты айдан бері мемлекетке өзімнің босанғанымды дәлелдей алмай келемін. Мен босанғанға дейінгі төлемді, бала туғанда берілетін бірреттік жәрдемақыны, баламның ай сайынғы жәрдемақысын әлі алған жоқпын. Заң бойынша, басқа аналар сияқты ол төлемдерді мен де аламын деп ойладым. Бірақ мені бір-біріне сілтеп, алдырмай отыр. 1414 нөміріне хабарласа алмадым. Egov.kz болса, «сіз құжат тапсырдыңыз, күтіңіз» деп отыр. Босанғалы алты ай болды, әлі күтіп отырмыз. Менің жеке кәсіпкерлігім бар. Салықтың бәрін уақытылы төлеп отырмын, – дейді Мақпал Исабекова.
Осы орайда ол өзі жәрдемақыға қарап отырмаса да басқа мұқтаж аналардың бұлай қиналғанын қаламайтынын жеткізген.
Қолымды бір сілтейін десем, салықтың біреуін қалдырмай төлеймін. «Үйде бала тауып отыр ғой» деп ешкім менің жағдайымды ойлап жатқан жоқ. Мұндай жағдайда не істеу керек, қыздар? Мен бұл жағдайды осылай жария қыламын деп ойлаған жоқпын. Бірақ онсыз да жұқарып отырған жүйкені жұқартты. Қағазбастылық деген біздің елде басым, мың анықтама талап етті. Бухгалтер екеуміз тапсыр деген қағаздарын тапсырдық. Халыққа қызмет көрсету орталығына бардық. Бірақ үсті-үстіне саған қысым жасайды. Бұл не сұмдық?! Менің күнім ол ақшаға қарамай-ақ қойсын, қарапайым халық не істейді? Өзіне тиесілі ақшасын алу үшін сәбиін қолына ұстап, мекеме аралап жүре ме? – деп ашуланды әнші.
Осы мәселеге қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы түсінік берді.
Заңға сәйкес, кірістерін растайтын құжат сұрадық. Басқа ақпарат бере алмаймыз. Бұл жеке деректерге жатады, - деп қысқа қайырды ведомство ресми жауапты.