Жұманғарин арзан шұжықтың неге өзімізде шығарылмайтынын айтты

Жұманғарин арзан шұжықтың неге өзімізде шығарылмайтынын айтты bai-bol.kz
bai-bol.kz bai-bol.kz | 7 желтоқсан, 2024

2027-2028 жылдарға қарай өзімізді сапалы шұжықпен толығымен қамтамасыз ете аламыз, - дейді ол

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин өзімізде шығарылатын шұжық өнімдері не себепті қымбат болатынын айтты.

Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда шұжық өнімдерінің 60 пайызы шығарылып, қалғаны сырттан келеді. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің айтуынша, бізде еттің сапасы жоғары. Одан шұжық жасаса, бағасы да қымбат шығады.

Мәселен, біздің көршілеріміз шұжыққа басқа етті сатып алады. Жақында біз Ресей Федерациясының өтінішін де қолдадық. Олар 130 мың тонна арзан етті Оңтүстік Америкадан, Бразилия мен Аустралиядан алады. Оның бәрі – сүт-тауарлық фермалардан шыққан арзан ет. Беларусь та жіберіп отырады, - деді Серік Жұманғарин.

Оның айтуынша, келесі жылы Аустралия тәжірибесі негізінде тауарлық мал шаруашылығын дамыту жобасы қолға алынады. Ол Түркістан облысында басталады.

Соның арқасында сапалы етті арзан шығаруға мүмкіндік ашылады. Өз елімізде сапалы ет жеген жақсы қой. Меніңше, 2027-2028 жылдарға қарай біз өзімізді шұжықпен, ең бастысы, сапалы шұжықпен толығымен қамтамасыз ете аламыз. Экспорт та болады, - деді премьер-министрдің орынбасары.

Бұдан бөлек, құс етін шығару бойынша да ірі жобалар бар. Солардың арқасында 1-2 жылдың ішінде қазақстандық құс етін экспортқа шығаруға мүмкіндік бар. Қазір біз осы өніммен өзімізді 73 пайыз ғана қамтамасыз етіп отыр екенбіз.