Өзімізде құрастырған көлікті несиеге алуға енді алдыңғы қарыздар кедергі болмайды
Ай сайынғы қарыз табыстың жартысынан артық шығып жатса да банк көлік сатып алуға несие беруі мүмкін
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі несиеге көлік сатып алғысы келетін азаматтардың борыш жүктемесін 2027 жылға дейін есептемеуді ұсынып отыр.
Қазір кез келген банк несие берерде тұтынушының табысынан бөлек, оның ипотека мен несиелерді өтеуге жұмсап жатқан шығынын да ескереді. Оның ай сайынғы қарызы тапқан табысының жартысынан асып кетіп жатса, жаңа несиені мақұлдамайды. Енді агенттік отандық автокөлік өнеркәсібін дамыту үшін осы шектеуді алып тастамақ.
«Ашық НҚА» порталына жарияланған қаулы жобасына сәйкес, автонесиеге өтініш берген азаматтың борыш жүктемесі коэффициенті алдағы 2 жыл есепке алынбайды. Яғни, клиенттің ай сайынғы қарызы табысының жартысынан артық шығып жатса да банк оған жаңа не ескі көлік сатып алуға несие беруі мүмкін.
Қарыз алушының борыш жүктемесі коэффициентінің ең жоғары деңгейін сақтау жөніндегі талап 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап, 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңде қолданылмайды, - делінген құжатта.
Банктер борыш жүктемесін мына жағдайларда ескермейді:
- жаңа автокөлікті өзін кепілге қойып сатып алғанда;
- бұрын мінілген, кепілге қойылған және 50% бастапқы жарнасы төленген автокөлікті;
- 3 жылға дейін пайдаланылған, кепілге қойылған және 30%-дан 50%-ға дейін бастапқы жарнасы төленген көлікті сатып аларда.
Қаулы жобасы 20 желтоқсанға дейін талқыланады.