Аударымның бәрі кіріс саналып, 21-ге толмағандар несиеге оңай қол жеткізеді
Бірдей сомалар қайталанған жағдайда, ол есепке алынбайды
Елімізде енді 21 жасқа толмағандардың картаға жарты жылда түскен төлемдері кіріс деп саналып, ол несиелік өтінім беру кезінде ескеріледі. Мұндай құжат Ашық НҚА сайтына жарияланды.
Несие бермес бұрын банктер қарыз алушының табысына қарай төлем қабілеттілігін бағалайды. Бұрын жастардың жалақысы мен шәкірақысы табысы болып есептелетін. Енді соңғы 6 айдағы дебеттік картаға түскен аударымдар да кіріс саналады. Олар – ата-анасынан тұрақты түсетін ақша аударымдары, такси қызметінен тапқан пайдасы, жүк тасымалынан тапқан орташа айлық кірісі (мұндай кірістерді делдал компания арқылы растау қажет).
21 жасқа толмағандардың кірістерін есепке алу үшін дебеттік карталарға түскен аударымдар кіріс болып саналатындықтан, бірдей сомалар қайталанған жағдайда есепке алынбайды, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ студенттің өз шоттары арасындағы аударымдары, яғни бір шотынан екінші шотына ақша жіберу, сондай-ақ банк несиесі мен микронесиесін өтеу үшін картасына ақша толтыру сияқты операциялар кіріс ретінде есептелмейді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, биыл сәуір айында Қазақстанда тұратын 18-20 жас аралығындағы жастардың саны 755 мың болған. Оның 484 мыңы, яғни 64%-ы банктер мен микроқаржы ұйымдарынан 167 миллиард теңге несие алған.