Филиппиндік әйел өзін алаяқ деген астаналық кәсіпкерден өтемақы өндіріп алды
Оның ар-намысы мен қадыр-қасиетіне нұқсан келтіретін жарияланым шындыққа жанаспайды
Филиппиндік әйел өзін алаяқ деп атап, желіде пост жариялаған қазақстандық кәсіпкерден моральдық өтемақы өндіріп алды.
Атап айтқанда, азамат Б. жеке кәсіпкер М.-ны өзінің ар-намысын, қадыр-қасиетін және іскерлік беделін қорлады деп, моральдық зиянды өндіру туралы талап қойып, сотқа жүгінген.
Айтуынша, филипппиндік әйел Астанадағы жұмысқа бала күтуші болып кірген.
Ақпанда жауапкер Instagram әлеуметтік желісінде талап қоюшының төлқұжатын фотоға түсіріп, «Еңбек міндеттерін орындамай, алаяқтықпен қашып кеткен жұмысшы. Өте сақ болыңыз!» деген пост жариялаған, – делінген хабарламада.
Ол әрекеттің жәбірленушінің ар-намысы мен беделін түсіргенін дәлелдеу үшін филологиялық-психологиялық сараптама жүргізілген.
Жауапкер өз кезегінде сотқа тараған ақпараттың шындыққа сәйкестігін растайтын дәлелдемелерді ұсынбады. Сот шешімімен талап қанағаттандырылды. Талап қоюшының ар-намысы мен қадыр-қасиетіне нұқсан келтіретін жарияланымдағы мәліметтер шындыққа жанаспайды деп танылды, – деп мәлімдеді Астана қаласы азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
Сот жауапкерді БАҚ-та көрсетілген мәліметтерді жоққа шығаруға міндеттеді. Сонымен қатар, одан 100 мың теңге моральдық зиян өндірілді.
Шешім заңды күшіне енді.