600 мың теңге жалақыға жұмыс істеуге ынталы адамдар аз - сенатор
Қазір елімізде кәсіптік-техникалық мамандар тапшы
Сенат депутаты Талғат Жүнісов техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі кадр тапшылығы проблемаларын жою және мамандарды даярлау сапасын арттыру қажеттігін айтты.
Айта кетсек, биыл сенаторлар Қарағанды, Абай, Ақмола облыстарындағы және Астана қаласындағы бірнеше кәсіпорын мен мекемелерге барып, техникалық және кәсіби білім беру жүйесіндегі кадрлық қамтамасыз ету мәселелерімен танысқан болатын. Соның нәтижесіне сүйенген Талғат Жүнісовтің айтуынша, қазір елімізде кәсіптік-техникалық мамандар тапшы.
Еліміздегі 772 колледжде 565 мың студент білім алып жатыр. Оған қоса, кәсіби квалификация бойынша 252 мың студент бар. Ақпаратқа сәйкес, жылу энергетикасы, су ресурстары, тау-кен ісі, ауыл шарушылығы, балық шаруашылығы, тіпті, авиация саласында да маман тапшылығы бар. Құрлысшылар, аспаздар, тігіншілер жетіспейді. Кәсіби білікті жұмысшылар – токарьлардың, фрезерлердің, слесарлардың тапшылығы күрделі мәселеге айналып отыр. Жалақы 600 мыңға дейін жетеді, бірақ жұмыс істеуге ынталы адамдар аз. Кәсіптік білімі бар мамандарға сұраныс жоғары оқу орындарының түлектеріне қарағанда, 70 пайыз жоғары. Орта кәсiптiк бiлiм беру жүйесiнде кадрларды даярлаудың еңбек нарығының қазiргi талаптарына сәйкес келмеуi мәселесiмен бетпе-бет келгенi белгiлi болды, - дейдi сенатор.
Сондай-ақ ол колледждердің ауылдық жерлердегі материалдық-техникалық базасының жеткіліксіздігі мәселесіне де тоқталды. Айтуынша, оқу орындарының нашар жабдықталуы мамандарды дайындау сапасының төмендігіне және олардың заманауи өндірістік талаптарға сай келмеуіне алып келеді.
Техникалық, кәсіптік білім беру ұйымдарында жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемін ұлғайту, оқытушыларға магистратураға ақы төлеуді енгізу мүмкіндігін қарастыру, сондай-ақ колледждерді жабдықтау бойынша «Жас маман» жобасын жалғастыру мәселесін пысықтау қажет. Сонымен қатар, қазіргі өндірістік талаптарға сай педагог кадрларды даярлауды, олардың біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды қамтамасыз ету маңызды, – деді Талғат Жүнісов.