Былтыр Tele2, Kcell, Beeline операторларына 3 млрд теңгеден астам айыппұл салынған
Сапасыз байланыс үшін тексеріс жүргізу және айыппұл салу статистикасы ұсынылды
Қазақстандағы ұялы байланыс операторларына 2023 жылдың қорытындысы бойынша байланыс қызметтерін сапасыз көрсеткені үшін 3 миллиард теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Атап айтқанда, 2023 жылы ведомство 782 тексеру жүргізіп, 3 млрд 288 млн теңге көлемінде айыппұл салған.
Бюджетке заңнамада көзделген жеңілдікті ескере отырып, 1 млрд 644 млн теңге төленді, – делінген хабарламада.
Оның ішінде операторлар бойынша:
- Tele2 – 751,4 млн теңге;
- Kcell – 563,2 млн теңге;
- Beeline 329,4 млн теңге төлеген.
Сондай-ақ министрлік 2020-2022 жылдар аралығында сапасыз байланыс үшін тексеріс жүргізу және айыппұл салу статистикасын ұсынды. Статистика бойынша, 2020 жылы министрлік 93 тексеріс жүргізіп, 47,8 млн теңге көлемінде айыппұл салған.
2021 жылы жүргізілген тексерістер саны едәуір өскенін байқауға болады. Жүргізілген 562 тексеріс аясында жалпы сомасы 264 млн теңге айыппұл салынған. 2022 жылы министрлік жүргізген тексерістер саны 2 есе (1 175) өсті. Нәтижесінде ұялы байланыс операторларына 1,6 млрд теңге сомасына айыппұл салынған.
Тексеріс жүргізу және айыппұлдарды ұлғайту операторлардың көрсетілетін қызметтердің сапасы үшін жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік берді. Мәселен, 2019-2022 жылдар аралығында айыппұлдар өскенге дейінгі кезеңде операторлар ұйғарымдардың тек 33 пайызын орындады. Айыппұлдарды арттыру бойынша жұмыстар жүргізілгеннен кейін, 2023 жылы операторлар нұсқамалардың 65 пайызын орындады, - деді ведомство өкілдері.