Доллар бағамының өсуі: қазір депозитке ақша салғандарға шығын өтелмейді

Доллар бағамының өсуі: қазір депозитке ақша салғандарға шығын өтелмейді bai-bol.kz
bai-bol.kz bai-bol.kz | 5 желтоқсан, 2024

Мемлекетте қаржы ресурстары шектеулі, - дейді Ұлттық банк төрағасы

Сенаттың пленарлық отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бүгінде депозиттер бойынша мөлшерлемелердің жоғары екенін айтты.

Осы орайда ол 2022 жылы депозиттерге компенсация ұсынылғанмен, қазір оның мүмкін емес екенін алға тартты. Сонымен қатар ол уақыттағы геосаяси жағдайлардың басқа болғанын атап өтті.

Естеріңізде болса, валюта курсы шамамен 400-ден 530-ға дейін құбылып отырды. Яғни жағдай мүлде басқаша болды. Сол уақытта депозиттер бойынша мөлшерлемелер 8-9% аралығында еді. Қазір оған 15% мөлшерлеме қосылды. Бұл – екі түрлі жағдай. Шын мәнінде, сол уақытта Үкімет пен Ұлттық банк адамдардың ақшасын шығарып, доллар сатып алмауы үшін оларды ұстап тұрды. Сондықтан мемлекеттік сыйақы беру қажет деп шешті, – деп мәлімдеді Тимур Сүлейменов.

Ұлттық банк төрағасының пікірінше, қазір депозит бойынша мөлшерлемелер жеткілікті деңгейде жоғары.

Менің ойымша, бүгінде долларға қарағанда теңгеде депозит сақтау әлдеқайда тиімдірек. Сондықтан мұндай бағдарлама қарастырылмайды. Оның үстіне, ол үлкен фискалдық шығынға әкеп соғады. Қазір мемлекетте қаржы ресурстары шектеулі, – деп толықтырды ол сөзін.