Жамбыл облысының әкімдігі тойдағы ысырапшылдықты шектемек

Жамбыл облысының әкімдігі тойдағы ысырапшылдықты шектемек egemen.kz
bai-bol.kz bai-bol.kz | 5 желтоқсан, 2024

Бұл іспен менің ішкі саясатқа жауапты орынбасарым айналысады, – деді Қарашөкеев

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевке облыс ақсақалдары атынан той мәдениетін қалыптастырып, ережелерін бекіту туралы ұсыныс түскен.

Журналистер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әкімнен сол ұсынысты «Тойдағы жөнсіз шығындардың алдын алуға бастама бола ала ма?» деп сұрап көрді.

Жақында сараптама жүргіздік. Тараз бен аудан орталықтарын алып қарасақ, жұма, сенбі, жексенбі күндері тойға 300-ге жуық адам келеді. Мұны той санына көбейтсек, демалыста әр күні тойға 20-25 мың адам қатысады. Сондықтан біз асабаларды жинадық. Сосын олармен бірге арнайы ережелер, кодекс дайындадық. Әкімдік тарапынан бұл іспен менің ішкі саясатқа жауапты орынбасарым айналысады, – деді Ербол Қарашөкеев.

Бұл ретте ол ата-аналар тойға жұмсалатын шығындарды жинап, жастарды қолдауға жұмсай алар еді деген пікірде.

Мұнда шамадан тыс шығындалмау үшін белгілі стандарттар керек. Мерекелік шараларды өткізу барысында тәртіп бұзушылыққа жол бермеу қажет. Бұл – асабалармен бірге істелетін жұмыс. Қалай болғанда да бұл мәселені шешіп, артық ысырапқа жол бермеуіміз керек, - деді облыс әкімі.