Алаяқтар 5 жыл бойы Қарағанды тұрғынының атынан ақша жасап жүр

Алаяқтар 5 жыл бойы Қарағанды тұрғынының атынан ақша жасап жүр astanatv.kz
bai-bol.kz bai-bol.kz | 5 желтоқсан, 2024

Адамдар жіберген ақша маған емес, алаяқтардың нөміріне түседі, - дейді жәбірленуші

Қарағанды тұрғыны Максим Наумкин бірнеше жылдан бері өзінің алаяқ емес екенін дәлелдей алмай жүр. Ол осыдан 5 жыл бұрын өзінің «Жигули» маркалы көлігін сатып жатып, сатып алушылардың біріне құжаттарының суретін жіберген. Сөйтсе, ол алаяқ болып шығып, Максим Наумкиннің атынан әрекет еткен, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

Мен көлігімді Kolesa.kz қосымшасында саттым. Маған Шымкенттен бір адам хабарласып, өзін клиентпін деп таныстырды. Көлігімді сатып алатынын, сол үшін кепілпұл жіберітінін айтты. Кепілпұл жіберу үшін оған менің жеке куәлігім, карта нөмірім мен кепілпұл күтіп тұрған видео немесе фото керек болыпты, – дейді жәбірленуші.

Сөйтіп, ол «сатып алушының» айтқанының бәрін орындаған. Тек бір өтінішінен кейін оның сатып алушы емес, алаяқ екенін түсінген. өйткені олар картаның артындағы үш сандық кодты жіберуін сұраған. Максим оған жіберген хаттарының бәрін өшіргенімен, кибер алаяқ деректерді өзіне сақтап үлгерген.

Содан бері белгісіз біреулер Максим Наумкиннің атын жамылып, елді алдап жүрген көрінеді. Олар сайтқа көліктерді арзан бағада сатамыз деген хабарландыру береді екен. Алайда сатып алушыдан кепілпұлды алып, көліксіз әрі ақшасыз қалдырады. Ал алаяққа алданғандар ақшасын Максим Наумкиннен сұрап келіп жүр.

Менің түрімді жаттап алыңыздар! Алаяқтар менің атымды жамылып, көліктерді хабарландыруға қойып, сатады. Бірақ онда көрсетілген нөмір менікі емес. Адамдар жіберген ақша маған емес, алаяқтардың нөміріне түседі. Олар ақшаны алып, ізін суытқан соң, адамдар мені іздеп, менің үстімнен арыз жазады, – дейді Максим.

Қарағанды облыстық полиция департаменті де Максим Наумкиннің алаяқ емес екенін растады. Алайда алаяқтардың өзін ұстау қиынға соғып тұр. Ведомство мәліметінше, олар өздерінің арам ойларын шетелде жүріп іске асырады.

Біз картадағы транзакцияларды бақылап отырдық. Бірақ ақшаның Қазақстан Республикасынан тыс, шетелге аударылатынын байқадық. Мұндайда ақшаны қадағалау қиынға соғады, – дейді полицейлер.

Айта кетсек, жыл басынан бері алаяқтар 1,5 мың жергілікті тұрғынды 4 миллиард теңгеге жуық сомаға алдап кеткен. Полиция жеке ақпаратты қорғау, SMS кодтарын жібермеу және мұндай қоңыраулардан кейін әрдайым 102 нөміріне қоңырау шалу маңызды екенін ескертеді.