«Штрафстан» жасап жатқан сияқтысыздар - Перуашев жаңа заң жобасына қарсы
Дүкенші тауарының бағасын көтеру арқылы айыппұлын тұтынушыларына төлеткізеді, - дейді депутат
Мәжілісте «Ақ жол» партиясының депутаты Азат Перуашев елдегі айыппұлдарға қатысты мәселе көтерді.
Бұл ретте депутат түрлі заңбұзушылықтар үшін кәсіпкерлерге онсыз да жоғары болатын айыппұлдарды тағы да көбейтуді көздейтін заң жобасын сынға алды. Айтуынша, осы заң жобасын талқылау барысында «Ақ жол» партиясының фракциясына 2 мыңнан аса кәсіпкерден өтініш түскен. Олардың барлығы айыппұлдардың шектен тыс екеніне шағымданып отыр.
Бағадағы қателік үшін 700 мың айыппұл төлегеннен гөрі, тексерушіге 100 мың теңге төлеп құтылған оңайырақ. Мемлекет жазалап қана қоймай, ынталандырып, тәрбиелеуі керек. Мынау ұялатын тірлік қой, мырзалар! Қайдағы бір «Штрафстанды» жасап жатқан сияқтысыздар. Бірақ біз қалыпты және теңгерімді нарықтық экономиканы құрғымыз келеді, – деді Азат Перуашев.
Сондай-ақ ол мұндай артық айыппұлдар сөзсіз бағаның өсуіне әкеп соғатынын, соның салдары тұтынушыларға кері әсерін тигізетінін айтты.
Үйіңіздің жанындағы дүкеннің күнделікті табысы 30-50 мың теңге болса, оған 100 мың теңге айыппұл салынса, сонда ол ақшаны қайдан алады? Әрине, тек тауарының бағасын көтеру арқылы айыппұлын тұтынушыларына төлеткізеді. Әсіресе, мұндай айыппұлдар тұрақты сипатқа ие болғанда, халық қиналады. Пропорционалды емес үлкен айыппұлдар тұтынушыларды шын мәнінде қорғамайды. Бірақ Ұлттық банктің соқыр саясаты мен доллар бағамының шарықтауына, қосымша инфляцияға ықпал етеді. Бізге тепе-теңдік, жаза мен әрекеттің ауырлығы арасындағы пропорционалдылық қажет. Бұл – заңның негізгі қағидаларының бірі, – деді депутат.
Осы орайда Азат Перуашев шенеуніктерді шағын және орта бизнестің қалай жұмыс істейтінін түсінбегені үшін сөгіп, «Ақ жол» партиясының айыппұлды 3-5 есе азайтуға бағытталған бірнеше түзетулерін ұсынды. Бірақ әріптестерінің көбі ол өзгерістерді қолдамады.